«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ ТӨЛ ТЕҢГЕСІ банк жүйесімен бірге дамыды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі Ұлттық валюта – теңге күні аталып өтілді. Осы мереке қарсаңында “Қазақстан Ұлттық банкі” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашев Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында “Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы” тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.

– Теңгенің ресми тарихы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қарашадағы “Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы” Жарлығынан басталды. Ал сол жылдың 15 қарашасынан бастап теңге еліміздің жаңа төлем құралы және есеп айырысу бірлігі ретінде айналымға енгізілді. Қазақстан үшін бұл күннің маңызы зор, өйткені, ұлттық валюта Конституциясымен, Туымен және Елтаңбасымен қатар кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің маңызды атрибуты ғана емес, елдің тарихын, мәдениетін, тұрмысын және дәстүрін нақтылайтын айқын белгісі болып табылады, – деді Мираш Жұмашұлы. – Ұлттық валютамыз – теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі әрі ең көне “Харрисон және оның ұлдары” деп аталатын банкноттық фабрикасында басылып шықты. 1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдері арасында ең соңғы болып рубль аймағынан шықты. Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге – 500 рубль, ал 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді. 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалған 2, 5, 10, 20 және 50 тиындық монеталар айналымға шықты. Ал 2006 жылы 15 қараша күні жаңа үлгідегі банкноттар қолданысқа енгізілді.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері – еліміздің қалыптасуының алғашқы күнінен бастап барлық жағдайда, оның ішінде өз валютасын шығаруда тәуелсіз болуға бағытталған сындарлы саясаттың нәтижесі. Ұлттық валютаны енгізу туралы стратегиялық шешім елімізді дамудың жаңа жолына түсірді, тұрақты нарықтық экономиканы жандандыруға бағытталған құрылымдық қайта құруды жеделдетті, егеменді Қазақстан өзінің тәуелсіз саясатын жүргізуге мүмкіндік алды.

Халықаралық сарапшылар теңгенің дизайнында ежелгі дәстүрдің және қазіргі заманғы технологияның жақсы үйлескенін атап көрсетуде. Қазақстанның Банкнот фабрикасы мен Монета сарайының ең үздік технологияларды қолдануына және дайындау сапасының жоғары болуына сәйкес түрлі көрмелерде, конкурстарда ұлттық валютаның банкноттары мен монеталары дайындау сапасы, дизайны, қолданылған технологиясы үшін жоғары бағаланады.

Отандық дизайнерлердің шетел мамандарынан жоғары баға алған жетістіктерінің бірі былтыр Бухарест қаласында (Румыния) өткен жоғары қорғалған мөр жөніндегі еуропалық конференцияға қатысуы болып табылады. Онда Қазақстанның 20 000 теңгелік банкноты 2015 жылғы өңірлік банкнот ретінде дизайн мен қорғаныс саласында қолданылған технологиялар жағынан үздік деп танылды. Ал Вашингтон қаласында (АҚШ) өткен “Banknote – 2016” халықаралық конференциясында бұл банкнот “Валюта индустриясындағы үздік техникалық жетістіктер үшін” аталымында жүлдегер атанды.

– Қаржы секторының тұрақты жұмыс істеуі дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде мемлекеттің өз аумағында теңдесі жоқ шараларға себепші болғандығын атап өту қажет. Жалпы алғанда, бүгіндері мемлекеттік деңгейде экономиканы және қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары қамтылды. Сонымен бірге, жылжымайтын мүлік нарығының және инновациялық, индустриялық, инфрақұрылымдық жоспарларды орындау бойынша батыл шаралар қабылдануда, – деді Мираш Жұмашұлы.

Баспасөз мәслихаты барысында “Қазақстан Ұлттық банкі” РММ-і облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашев өңіріміздегі қаржы секторының бірқатар көрсеткіштеріне тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp