Небәрі жиырма жеті жасында топ жарып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Петропавл қаласының тұрғыны Хайни-Жамал Мусина – мақтауға да, мақтануға да лайық жан.
Еңбекпен есейіп, барлық қиындыққа құрыштай шыныққан Хайни-Жамал Оспанқызы – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің түлегі. Жақында білім ордасында Еңбек Ерінің атындағы оқу шеберханасы ашылды. Жаңа кабинеттің таспасын құрметті қонақпен бірге облыстық комсомол ардагерлерінің “Одақ” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Валерий Маслов қиды.
Заман талабына сай жабдықталған оқу шеберханасында студентердің біліктіліктерін арттыру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жерде олар кірпіш қалау, сылақшылық жұмыстарының қыр-сырын меңгере алады.
Айта кету керек, Хайни-Жамал Мусина ынта-жігерінің арқасында бар-жоғы 25 жасында сылақшы-сыршылар бригадасын басқарған. Оның еңбек жолы жайында маңызды да қызықты мәліметтерді кабинеттің қабырғасына ілінген стендтен көруге болады. Осы саланың қыр-сырын бір адамдай меңгерген атақты құрылысшы облысымыз бойынша сегіз мектеп, тоғыз балабақша, төрт Мәдениет үйін және он бір әкімшілік нысан, 42 мың шаршы метр баспана тұрғызуға үлес қосқан. Мұның өзі – еңбек адамы үшін үлкен көрсеткіш. Аталмыш колледждің студенттері осындай жігерлі жандардан өнеге алып, күні ертең облысымыздың дамуына өз үлестерін қосып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Аталмыш шеберхананың ашылғанына риза болған Еңбек Ері ұжымға алғысын айтып, ізін басып келе жатқан жастармен сөйлесіп, естелік суретке түсті.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.