Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицей 15 жылдығын атап өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, “Нұр Отан” партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев, білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары қатысты.
Жиналғандарды білім ошағының тарихымен және жеткен жетістіктерімен оқушылардың өздері таныстырды. Оқушылар облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахметпен ағылшын тілінде диалог құрды.
Соңғы төрт жыл бойы лицейліктер Ұлттық бірыңғай тестілеуде жалпы білім беретін мектептер арасында көштің басын бермей келеді. Биылғы жылы оқушылар он ғылыми жобаны қорғауға дайындалуда. Он бес жылда 18 “Алтын белгі”, 16 үздік аттестат иегерін ұшырған білім ошағында бүгінде екі жүз тоқсан алты жеткіншек білім алуда. Мектепте қашықтықтан бақылау жобасы, робот техникасы, “Болашақ” дебаттық клубы, тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында білім берудің әрқашан алдыңғы орында тұратынын айтқан болатын. Мен сіздердің жанып тұрған көздеріңізден нағыз Мағжан сенген ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп, тәнті болдым, – деген Мадияр Қожахмет облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан лицей директоры Разия Қасымоваға Құрмет грамотасын табыстады.
“Нұр Отан” партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев, білім басқармасының өкілі Шарғия Мұқышева, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Сұрағанова да жылы лебіз білдіріп, бірқатар педагогтерді Алғыс хаттармен марапаттады. Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің директоры Ерлік Жанділдин мектеп-лицей ұжымына теледидар сыйлады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.