Қазақ балалар әдебиетін дамытуға өзіндік үлесін қосқан жазушылардың бірі – 11 қарашада 90 жылдығы аталып өтілген Машқар Ғұмар (Гумеров). Ол 1927 жылы Башқұртстанның Асқын ауданындағы Күбияз елді мекенінде ауыл молдасының отбасында туған.
1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келгенде, 2-сыныпты бітірген бала Машқар өзінің жазушылыққа қалай бет бұрғаны жайлы былай деп жазады: “Ойнай-ойнай одан да жалығасың. Содан соң барып сабақ жаттайсың, қала берді әдебиет оқуға бет бұрасың. Ауыл арасында Сәбит Мұқановтың “Жұмбақ жалау” атты кітабы бар. Қолдан-қолға өтіп, күндердің күнінде менің қолыма келіп тиді. Күбіге тығып қойып, уақыт тауып, күні-түні оқығаным есімде. Жас бала арманшыл. Күнделікті көргенімді дәптерге жазып қоятын әдет таптым. Бұл менің жазушылығымның басы болды”, – дейді.
Жазушының “Ортаншы ұл” хикаятында Алмас деген баланың әкесінің ауылы Үшкөлдегі Мақан ағайы мен Сәлима апасына келуі баяндалады. Ол алғашқы күні ауылдағылардың барлығы жақсы көретін, білмегенін ылғи біреулерден сұрап, кітаптарды көп оқитын “Сұрау белгісі” атанған сұрақ қойғыш Сұраған, көрші тұратын Бейсен, Зипа және тентек бала Өлмес (шын аты Өлкебай) деген балалармен танысады. Алмастың балалармен қосылып, көлге қармақ салуға барғаны, суға шомылғаны, салынып жатқан жаңа мектеп ғимаратының үшінші қабатына шығып, ауыл-аймақтың көрінісін тамашалаулары, тоғай аралап, алыстағы Шағалалы көлінің аралына барып қайтулары тартымды баяндалады. Мысалы, жолда әрлі-берлі секірген құрбақа жиі кездесе береді. Сұраған: “Құрбақа қаптап кетіпті. Бұл да жауын-шашынның белгісі”, – дейді. Айтқандай, олар аралға барғанда қатты нөсер басталады.
“Дауыл басталса да, жаңбыр шелектеп құя берді. Ұзақ жауды. Балалар басын көтеріп, тізесін құшақтаған күйі, сүмірейіп отырды да қойды. Күн көзі көрінбеген соң, мезгілді ажырату қиын. Төңірек ымырт жабылғандай бұлыңғыр, көлкіген су. Алмастың басы меңдуана жегендей мең-зең. Көңілі торығып, жан-жағына мұңая қарады. Дәл осы кезде оған күн қайтып ашылмастай, апат шырмауындағы кішкене арал құрдымға құлап кетердей болып көрінді. Аралмен бірге өзі де, Бейсен де, білгіш атанған Сұраған да зым-зия жоғалатын сияқтанды”, – деп суреттейді автор.
Майра МАҚЫШЕВА,
Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер
кітапханасының бөлім меңгерушісі.