Өндіретін құрылыс материалдарымен өңірімізге танымал бұл кәсіпорын кезінде темір-бетон зауыты болған. Онда 200-ге жуық адам екі ауысымда, кейде мереке күндері жоспарды орындау үшін өндірте жұмыс істеген. Осындай ірі зауыттардың жұмысын тоқсаныншы жылдары тобықтан қаққан тоқырау тығырыққа тіреп, еріксіз тоқтатып тастады. Кәсіпорындағы соншама адам амалсыздан тарыдай шашырап, онда бар болғаны 20-ақ адам қалды. 1999 жылы ол “Бірлік-Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды.
Оны өңірімізде құрылыс саласының дамуына бір кісідей атсалысқан, іскер басшы Марат Мергенов басқарды. Алғашқы жылдары жұмысты жолға қою қиынға соқты. Ондағы бар мүлік ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Мұндайда жоқтан бар жасау оңай болып па? Бірақ серіктестік директоры табандылық таныта білді. Сөйтіп, кәсіпорын жұмысын біртіндеп жандандыра түсті. Ол кезде зауыт 1 миллион теңгенің өнімін шығарса, кешікпей өндіріс қуаты артып 2008 жылы – 184 миллион, келер жылы 210 миллион теңгенің темір-бетоннан жасалған ірілі-ұсақты екі жүзге жуық өнімнің түр-түрін құрылыс фирмаларына жөнелтуге қол жеткізді.
Өндіріс жұмысы өрге басқан сол кезде серіктестік екі жыл қатарынан “Алтын сапа” республикалық көрме-байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алды. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар аталымы бойынша екінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Уақыттың өз дегені бар емес пе? Бүгінде “Единство” деп атанған серіктестік кешегі тындырған істің ертеңге өлшем болмайтынының дәлеліндей түпкілікті өзгерген. Ондағы аумағы атшаптырымдай үлкен өндіріс цехында қайнаған қызу еңбек, жұмыс ырғағы екі ауысымда бір тынбайды. Крандар әрлі-берлі дамылсыз қозғалыста. Әр жерде өздерінің атқаратын істеріне берілген жұмысшылардың қимылдары да қауырт.
– Біздің цехтан шығарылатын қабырғалық панельдер үш бөліктен тұрады, көлемдері де әртүрлі. Оның ортасындағы бөліктің арасына жылу сақтайтын арнайы материалдар пайдаланылады. Өнімнің сапасы жоғары, сондықтан қоймада жатып қалмайды. Сыртқы беті кедір-бұдыр панельді майлауға да, сырлауға да, бояуға да болады. Қалыңдығы да тиісті стандартқа сәйкес, – дейді өндіріс цехының шебері Қазиза Ахметжанова.
Өңірімізде құрылыс саласы қарқын алған сайын заманауи материалдарға сұраныс арта түседі. Ол үшін мұндай іргелі кәсіпорындардағы ертеден келе жатқан станоктарды, түрлі қондырғылар мен құрал-жабдықтарды жаңарту қажеттігі туындайды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қолдаудың көмегі зор. Осы орайда, инвесторлардың көмегіне арқа сүйеген серіктестік 2013 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының да шапағатын көрген. Жұмыстардың кез келген учаскелерде күрт алға басуын соңғы жылдары жасалынып жатқан жаңашылдықтардың оң нәтижесі деп білген жөн. Зауытта қазір өнімділігі жоғары, сапалы да сәнді құрылыс материалдарын шығаратын италиялық, испаниялық қондырғылар қойылған. Сол қондырғылар арқылы жасалатын қабырғалық панельдер сапасымен ерекшеленеді.
– Үстіміздегі жылы кәсіпорында 736 миллион теңгенің өнімі шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 62 пайызға жоғары. Осы мерзім ішінде өнім түрлерін 25-ке көбейтіп, олардың жалпы санын 113-ке жеткіздік. Өнімдерге тұтынушылар тарапынан қызығушылық артқан сайын, тапсырыс көлемі де өсе түсуде. Бұл жұмысшыларымыздың материалдық жағдайын жақсарта түсуге септігін тигізуде. Олардың орташа айлық еңбекақылары бүгінде 120 мың теңгені құрайды, – дейді серіктестік директоры Андрей Титов.
Жоспарлы жұмыс алға жетелейтінін түсінетін серіктестік басшысы Андрей Егоровичтің ойға алған шаруалары да көңілге қонымды. Жуырда ол Ресейдің Нижний Новгород қаласындағы әріптестеріне барып қайтыпты. Ол жақтан әкелген жаңалықтары аз емес. Солардың кейбіреуін алдағы уақытта өзінің туған қаласында жүзеге асырмақ ниетте. Алдымен құрылыс компаниясын құруды қолға алмақ. Сөйтіп, облыс орталығында 12 және 17 қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың құрылысын жүргізбек.
Аталған серіктестік қазірдің өзінде қаламыздағы тұрғын үй құрылысына сүбелі үлес қосуда. “Береке” шағынауданында және Жуков, Жамбыл көшелерінде мемлекеттік тапсырыс бойынша бой көтеріп жатқан үйлерге “Единствода” шығарылатын құрылыс материалдары пайдаланылуда.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.