«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫС КӨЗІ — ЫНТЫМАҚТА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заман талабына сай еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүрген қазақ қыздарының бірі – Әйгерім Адай. Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұратын ол – “Аққайың” атты отбасылық дәмханаға басшылық жасап, кәсібін дөңгелетіп отырған бойжеткен.

2003 жылы әкесі Адай Сасықов өздері тұратын үйдің қасына бір бөлмелі шағын асхана салып, отбасылық бизнестерінің алғашқы қазығын қаққан. Арада он жыл өткеннен кейін отағасы құжаттарды қайта жинап, дәмхананы кеңейтіп, ішін заман талабына сай өзгерткен. Бастапқы кезде асхана жиырма шақты адамға шақталған болса, қазір онда жүз жиырма, тіпті, жүз елу адамға дейін орын табылады. Жөндеу жұмыстарына он бес миллион теңге жұмсалған.

Әкесінің аянбай еңбек етіп жүргенін көрген Әйгерім жоғары оқу орнын аяқтап, қолына диплом алған соң, отбасылық бизнеске қолғабыс беру үшін туған ауылына оралған.

– Шетелді көп араладым. Австрияда оқып жүргенде ондағы дәмханалардың жұмысымен таныстым. Германияда болғанда осы саланың қалай дамып жатқанын көрдім. Кейін елге қайтып келген соң, көзбен көріп, оймен түйгенімді іске асыру үшін әкем бастаған жұмысқа мен де кірістім, – дейді жас кәсіпкер.

Ата-анасының үмітін ақтау үшін Әйгерім дәмхана ішінде қолдан келген барлық жұмысты істеуден аянбайды. Айта кету керек, ол өзі тамақ та пісіреді. Қызының осындай талпынысын көрген әкесі бұл саланың тізгінін оның қолына тапсырған. Бүгінде кәсіпкер жеті адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Орташа еңбекақы алпыс мың теңгені құрайды.

Әйгерімнің ата-анасы Адай мен Баян Сасықовтар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында тұратын ұлы Асанның қолына көшіп барған. Кәсіп көзін тапқан отбасы мүшелері ақылдаса отыра, Новоишимка ауылындағы бір қабатты түнгі клубты сатып алып, оған “Тұран” деп ат қойып, дәмхана етіп қайта іске қосқан. Келер жылы дәмхананың екінші қабатын көтеріп, үш жүз орынға арналған кең әрі заманауи зал істемекші. Құрылыс жұмыстарына жиырма миллион теңге жұмсау жоспарланған.

– Дәмхананы қайта жөндеуден өткізу үшін қомақты қаржы қажет. Өз күшіміз оған жетпейді. Оның үстіне бірінші дәмхананы кеңейткен кезде де несие алғанбыз. Қазір оны да төлеп жатырмыз. Бірақ айтарлықтай қолбайлау жоқ. Кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет тарапынан берілетін қаржыға қол жеткіздік. Пайызы төмен болғандықтан, өте тиімді, – дейді Әйгерім.

Бірлігі жарасқан отбасы ерінбей еткен еңбегінің арқасында бүгінде біраз жетістікке қол жеткізіп, көпге өнеге көрсетіп отыр. Кеше ғана қолына диплом алған Әйгерім бүгінде бір емес, екі бірдей дәмхананың жұмысын ұршықтай үйіріп, інісі Асанды да осы кәсіптің қыр-сырына баулуда.

“Бақыт пен еңбек егіз” деген мағыналы сөзді арқау еткен Әйгерімнің алға қойған жоспарлары аз емес. Дәмі тіл үйірер тамақтардың түр-түрін істеп машықтанып алған бойжеткен алдағы уақытта дәмхананың ішінен өзінің шағын кондитерлік цехын ашуды да жоспарлап қойған. Ойы іске асса, Әйгерім той өткізген жастарға тәтті торттардан ерекше сыйлық жасауды да ойластырып отыр.

Уақытпен санаспай еңбек етіп, жас болса да, бас бола білген Әйгерім сияқты қарапайым қазақ қыздарынан өнеге алуға болады. Өйткені, ол – табыстың көзін тауып, осы арқылы отбасылық жағдайын жақсартып, ауылдың, ауданның дамуына өзіндік үлес қосып отырған нағыз еңбек адамы.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp