«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫМҒА ҚҰШТАРЛЫҚ — НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы – еліміздің болашақ бағытын, кемел көкжиегін айқындаған тарихи құжат. Мемлекет басшысы: “Жаңғыру жолында ба­балар­дан мирас болып қа­ны­мыз­ға сіңген, бүгінде тамыры­мызда бүлкілдеп жатқан ізгі қа­сиеттерімізді қайта түлетуіміз ке­рек”, – деген болатын. Бұл орайда, туған еліміздің заманауи мәдениетін, жаңа келбетін қалыптастыруға жастар да бір кісідей жұмылуы қажеттігі айтпаса да түсінікті. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Өмірбаевпен әңгімеміз осы бағытта өрбіген еді.

– Бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасына айналған Елбасының мақаласы бәрімізге де зор жауапкершілік жүктеп отыр. Президентіміздің бастамасымен елдің, әсіресе, жастардың рухын жаңғырту, санада серпіліс туғызуға бағытталған жұмыстар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де қолға алынып, кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Тарихи құжаттың маңыздылығын, тұжырымдамалық, әдістемелік бағыт-бағдарын түсіндіру мақсатында “дөңгелек үстел”, ақпараттық семинар, конференц-сабақ түрінде арнайы шаралар өтті.

Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революция­лық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы – міне, осы бағыттар бойынша жоғары оқу орнының арнайы жоспары бекітілді. Сонымен қатар университет жанынан “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыратын жобалық офис ашылып, материалдық-техникалық жағынан толықтай жасақталды. “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасы да – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан тұлғаларды жастар арасында дәріптеуге зор мүмкіндік беріп отыр. Біздің университетте де ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты үміткерлер аз емес екенін мақтанышпен айта аламыз. Олардың тізімі жасалып, комиссияға ұсынылды.

– “Туған жерге туыңды тік” деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады емес пе? Осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс”, – деп Елбасының өзі атап өткендей, біз өз еліміздің тарихи-мәдени, табиғи құндылықтарын, этнографиялық, топонимикалық, ономастикалық мұраларын зерттеп, зерделеу бағытында көптеген ғылыми жобаларды қолға алдық. Соның бірі – Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы идеясының негізінде дайындалған “Манаш Қозыбаев” тұлғалық энциклопедиясы. Университеттің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында бұл кітаптың тұсауы кесіліп, елімізге танымал тұлғалар оң пікірлерін білдірді.

– Ғұлама ғалымның есімін иеленген университет жастары Манаш Қозыбаевты жақын танып білсе, нұр үстіне нұр емес пе?

– Әрине, осы мақсатта 2004 жылдан бері біздің университетте үзбей Манаш Қозыбаев оқулары өтіп келеді. Соның нәтижесінде жоғары оқу орнында тарихтың тарланбозы атанған Манаш Қозыбаев жайлы аса мол ғылыми материал жинақталған. Бұдан бөлек, университетте Манаш Қабашұлы атындағы ғылыми-зерттеу орталығы бар. Кітапқа қажетті материалдар осы жерде жүйеге келтіріліп, жинақталды. Ғұлама ғалымға арналған энциклопедияның жарыққа шығуына елімізге белгілі энциклопедист Тұрдықұл Шаңбай көп еңбек сіңіргенін айтып өткім келеді. Ұзақ жылдар “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясында қызмет атқарған ол “Шәкәрім”, “Лев Гумилев”, тағы басқа танымал тұлғалар жайлы осындай жинақ дайындаған болатын.

Манаш Қозыбаев жайлы жинақтың алғашқы басылымына ғұлама ғалымның азаматтық, тұлғалық қадір-қасиетін тани түсуге мүмкіндік беретін 916 мақала енген. Сонымен қатар кітапта классикалық стильде безендірілген қосымша үш парақша берілген. Бұл қосымшалар Қозыбай әулетінің және Манаш Қозыбаевтың, оның замандастарының, әріптестерінің әр жылдардағы суреттерімен безендірілген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми тынысы, манаштану ғылымының бағыт-бағдары жайлы да осы қосымшада танысуға болады. Бұл жинақ – Манаш Қозыбаевқа арналған тұңғыш энциклопедия.

– Ғылыми туындының жарық көруі ғалымға көрсетілген зор құрмет деп бағалағанымыз жөн шығар.

– Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береміз. Академиктің ғылыми-шығармашылық жұмыстарын кеңінен насихаттап, зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізе беретін боламыз. Өйткені, мұның бәрі жастарымыз үшін қажет.

“Манаштану мәселелері” атты 10 кітаптан тұратын ғылыми жинақтың алғашқы екі кітабы жақын күндері жарық көрмек. Сондай-ақ, Манаш Қозыбаевтың таңдамалы еңбектерінің екі томдығын дайындап жатырмыз. Ол жинақ қазақ және орыс тілдерінде шығатын болады.

– Елбасының мақаласы ұзақ жылдарға арналған бағдарламалық құжат болғандықтан, мұнда айтылған мәселелер алдағы уақытта да университеттің оқу-тәрбие үдерісінде көрініс табатын болар.

– Әрине, Елбасының өзі де айтты ғой, ұлттық құндылықтарға бұрынғыдай шекеден қарамауға тиіспіз. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дəстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажетпіз. Білімнің тұнығымен сусындап, соңғы үлгідегі технологиялардың тілін меңгерген жастарға қарап көз сүйсінеді. Ал енді олардың бойынан жанашырлық, мейірімділік, қайырымдылық сынды қазақи қасиеттер, имандылық, қанағатшылдық секілді адами ізгіліктер табылып жатса, қандай ғанибет. Біздің де көздегеніміз осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp