Менің бір қуанарым, қазір қыз ұзату, үйлену тойларында жастар салт-дәстүрді ұстанып, қазақтың ұлттық киімдерін киюде. Оюмен көмкерілген қос етек көйлек қандай болсын қалыңдықтың ажарын ашып, одан сайын сұлуландыра түсері айдан анық. Бірақ, өкінішке қарай, мұның барлығы бір күндік алдамшы әсер сияқты. Той бітіп, қонақтар тарқаған соң, жаңа түскен келіндердің көбі көйлекті шалбарға қалай ауыстырып жібергенін байқамай да қаласың. Ал үйде басқа орамал тағып жүру дегенді қазіргі келіндер мүлде ұмыта бастады. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Әрбір қыз бала ақ босағаны аттап, келін атанған соң, осы дәрежеге сай болуға тырысу керек.
Айтарым, келіндер үйде бастарынан орамалдарын тастамауы керек. Орамал қай заманда да, қай уақытта да, қай елде де өте үлкен құрмет пен қасиетке ие болған. Басқа тағатын орамал кез келген қыз-келіншекті одан сайын көріктендіріп жібереді. Осы жағынан алғанда, бас орамалды әдемі әшекей деп айтсақ та болады.
Ұстаған адамға жеңіл, қараған көзге нәзік болып көрінетін орамалдың қасиеті мол. Оны құрметтеген қыз-келіншектер мойнына салады, ал қадіріне жеткендер басына тартады. Осыны қыздар да, келіндер де біле жүрсе құба-құп.
Орамал әдемілікпен қатар, имандылықтың, тазалықтың белгісі болып табылады. Дана қазағым “Орамал таққан әйелде қайыр бар” деп тегін айтпаған. Сондықтан келіндер ақ жаулықтарынан алыстамаса екен дегім келеді.
Сапура ТӘШЕНОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.