«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАННЫҢ МЫЗҒЫМАС ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отбасы институтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған “Мерейлі отбасы” байқауы елімізде жыл сайын ұйымдастырылады. Тәрбиенің бір құралы болып саналатын байқаудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол – әр саланың тізгінін ұстап отырған өнегелі, өнерлі отбасыларды жастарға үлгі етіп көрсету. Республика бойынша өтетін байқау аз уақыттың ішінде көптің көңілінен шығып, халық арасында жоғары бағаға ие болды. Жақсылықтың жаршысы болған байқауды мектептерде де өткізу қажет-ақ. Себебі, осындай шаралар арқылы оқушылар отбасының маңыздылығын түсінеді.

Жақында тәрбиелік маңызы бар байқау алғаш рет облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткізілді. “Өнегелі отбасы – рухани жаңғырудың өзегі” деген тақырыпта өрбіген байқауға “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпаздары болған бес отбасы қатысты.

Үміткерлер “Тегін білу – тектілік”, “Интеллектуалды ойын”, “Өнерлінің өрісі кең” деген тақырыптар бойынша сайысқа түсті. Білімде де, өнерде де топ жарып, алға шыққан Хоршат (Ақжар ауданы, Талшық ауылы), Милихин, (Тайынша ауданы, Киров ауылы), Сейітқасымовтар (Шал ақын ауданы), Тасмағамбетовтер (Есіл ауданы, Покровка ауылы), Аманжоловтар (Аққайың ауданы, Ленинск ауылы) отбасылары байқауға жан-жақты дайындықпен келгендерін дәлелдей білді. Мың бұрала би билеп, әсем әннен шашу шашқан отбасылар салт-дәстүр, әдет-ғұрып төңірегінде де сынға түсті.

Қазылар алқасы сахна мәдениеті, отбасы мүшелерінің өнері мен викторинадағы сұрақтарға дұрыс жауап берулерін ескерді. Нәтижесінде Аманжоловтар отбасы жеңіске қол жеткізіп, арнайы марапатқа ие болды. Бауыржан мен Сәуленің шаңырақ көтергендеріне биыл он жеті жыл. Отбасының ұйытқысы – Үмітжан апа. Ақ жаулықты қария немерелері Шыңғыс пен Салтанатты тәрбиелеуге өз үлесін қосуда.

– Дана халқымыздың “Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады” деп айтуы тегін емес. Ынтымағы жарасқан отбасы – Отанның мызғымас іргетасы. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне әркім және барша болып үлесімізді қосуымыз керек. Бала – біздің болашағымыз. Осылар көз алдымызда құрақ жайып өсіп, өркендесе, біз сияқты қариялар үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді Үмітжан апа.

Алдағы уақытта өз жалғасын табатын байқауға қатысқан үміткерлердің дені көпбалалы отбасылар болды. Әкеден ақыл, анадан мейірім алған ұл-қыздардың бал-бұл жанған жүздерін көргенде, отбасылық бақыттың кілті татулықта екеніне көз жеткізгендей болдық.

Назерке ҒАЛЫМ,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp