«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПТІ КЕСЕЛМЕН КҮРЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан – әлем елдерімен иық түйістіріп, дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекет. Елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттердің қатарынан көру – қазақстандықтар үшін зор абырой. Сондықтан егемен еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуы үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етіп, күш біріктіруіміз қажет.

Елдің дамуына тежеу болатын қоғамда сан түрлі құбылыс бар. Соның бірі – жемқорлық. Өркениетті болашаққа ұмтылған Тәуелсіз Қазақстанның дертіне айналған сыбайлас жемқорлық өзекті мәселенің бірінен саналады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауындағы бес негізгі басымдықтың бірі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл құжатта сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударылған. Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетуге ықпал ететін қоғам кеселімен күрес уақытылы қолға алынуы керек. Өйткені, оның демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежеп, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне, заң мен әділдікке, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні анық.

Жасыратыны жоқ, бүгінде мемлекеттік қызметшілер арасында бұл жат әрекет белең алуда. Көз қысты, бармақ бастылық әлі де болса қалмай келеді.

Осы дерттің тамырына балта шауып, алдын алу мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармада іс-шаралар жүргізу жоспарланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға байланысты бірқатар мәселелер арнайы отырыстарда талқыланады. Осы орайда, аталмыш басқарманың мемлекеттік қызметшілеріне заңдардың жемқорлыққа байланысты негізгі баптары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жалпы ережелері түсіндірілді.

Облыстық басылымдар мен мемлекеттік мекеменің tilbas.sko.gov.kz веб-сайтында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия жарияланды. Ал 46-03-32 нөмірі бойынша басқарманың сенім телефоны көрсетіліп, басшылықтың жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау кестесі орналастырылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы бекіткен бұйрықтың негізінде мекемеде жұмыс тобы құрылып, үстіміздегі жылдың 10 қазанында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Жұмыс тобы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті әзірлеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу жөнінде тәжірибелік ұсыныстарды басшылыққа алды. Басқарма өз қызметіндегі заңдарды, нормативтік-құқықтық актілерді зерделеді. Талдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ. Сондай-ақ, бұл бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменттерi үлкен қолдау көрсетеді. Мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласы жөнiнде кең ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында “дөңгелек үстел” өткiзілдi. Бірқатар заңдардың негiзгi ережелерiне, мемлекеттiк қызметке өту тәртiбi туралы, сынақ мерзiмiн белгiлеу және тәлiмгерлiк мәселелер бойынша түсiнiктеме берілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаментiнiң инспекторы Светлана Зайцева мемлекеттiк қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң жағдайына баса назар аударып, біздің өңірдегі құқық бұзушылық фактiлерiнен мысал келтiрдi. Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Осындай іс-шаралардың арқасында облыстық тілдерді дамыту басқармасына заң бұзушылықтар бойынша шағым түсіргендер тіркелмеді.

Ой-сананың тазалығы, рухани сілкініс – жемқорлық дертін жеңудің басты жолы. Сондықтан өскелең ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін қоғамның дертіне жол бермеуге тиіспіз.

Кемел ОСПАНОВ,

облыстық тілдерді

дамыту жөніндегі басқарманың басшысы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp