«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫС УАҚЫТЫНДА САУЫҚ ҚҰРҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаларын бұзған Есіл ауданы әкімі аппаратының жетекшісі Ержан Мұстафинге қатысты тәртіптік іс қаралды.

Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Жанат Жұмабаевтың айтуынша, 31 тамыз күні сенім телефонына осы ауданның бірнеше мемлекеттік қызметшісі жұмыс уақытында Амангелді ауылдық округіндегі орманның ішінде тігілген киіз үйде сауық құрып жатқандығы жайлы хабар келіп түскен. Оқиға орнына жеткен комиссия онда аталған ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Шәкеновті, жергілікті әкімдіктің мамандарын және ыдыс-аяқ жуып жүрген әлеуметтік қызметшілер мен кітапханашыны көрген. Белгілі болғандай, Дәурен Қарақанұлы мұнда кезінде бірге оқыған достарына арнап дастарқан жайыпты. Бастапқыда ол комиссияға жұмыс уақытында сауық құрғанын мойындағанмен, сәлден соң аппарат жетекшісі Ержан Мұстафиннің атына өтініш жазып, бір күндік демалысқа шыққаны “есіне түскен”. Оның сөзін Ержан Алпысбайұлы да растап, комиссияға оны демалысқа шығару туралы тиісті құжаттарды көрсеткен. Алайда, тексеріс барысында бұл құжаттың 31 тамыз – жұмыс күні біткеннен кейін жасалғаны анықталған. Дәурен Қарақанұлының ыңғайсыз жағдайға душар болғанын естіген аппарат жетекшісі дереу тиісті мамандарды үйлерінен шақыртып, құжатты тіркеткізген. Комиссия өтінішті Дәурен Шәкенов емес, оның зайыбы жазғанын да анықтап отыр.

– Ауылдық округтің әкімі жеке мақсатта қызметтік көлікті пайдаланып, әкімдік қызметшілерін жұмысқа салған. Оларға ыдыс-аяқ жуғызып, киіз үйді жинатқан. Ал сіз оны қорғап тұрсыз, – деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы – әдеп кеңесінің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев Ержан Мұстафинге.

Кеңес мүшелері заңға қайшы әрекет еткен Ержан Алпысбайұлына қатаң сөгіс жариялауды ұсынды. Сондай-ақ, келесі отырысқа аудан әкімі шақыртылатын болды. Ал Дәурен Шәкеновтің тәртібіне қатысты қызметтік тексеріс әлі аяқталған жоқ.

Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Аюпов былтыр ғана тәртіптік жазаға тартылғанын ұмытып, биыл тағы шалыс басқан. Ол лауазымын пайдаланып, сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданған үш маманға және өзіне заңсыз сыйақы тағайындаған. “Мемлекеттік қызмет туралы” Заң бойынша сынақ мерзімінде жүрген қызметшілерге сыйақы берілмейді. Өзіңіз жазаға тартылғаныңызбен, одан сабақ алмапсыз. Әлде оны ұмытатындай өткен жолғы жазамыз жеңіл болды ма?” – деген Ғалым Сұлтанұлы оған қызметтен босату немесе қызметіне толық сай емес деп тану сияқты екі жазаның бірін қолдану керектігін айтты. Кеңес мүшелері ақылдаса келе, қызметіне толық сай емес деген тәртіптік жазаны ұсынды.

Жиында облыстың мемлекеттік органдарындағы кадр тұрақсыздығын азайту жайы да сөз болды. Өткен он айда өңіріміздегі жергілікті атқарушы органдардан 146 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылса, оның 65-і басшылық лауазымдарды атқарған. Талдау көрсеткендей, Қызылжар ауданында кадрлардың тұрақсыздығы көрсеткіші жоғары. Мұнда өз еркімен жұмыстан кеткендердің үлесі 18,6 пайызды құраған. Петропавл қаласындағы мемлекеттік органдардағы жағдай да осындай. Кадр тұрақсыздығы Мағжан Жұмабаев ауданында да байқалған, онда биыл 20 мемлекеттік қызметші жұмыстан кеткен. Айтылған мәселені таразылаған кеңес мүшелері келесі жылға кадр тұрақсыздығын азайту үшін жоспар құру керектігін атап көрсетті.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp