Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Ямал маусымы” жобасының аясында Ресейдің Ямал-Ненец автономиялық округі тұрғындарының мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрімен таныстыру шарасы өтті.
Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен Ямал-Ненец автономиялық округі басшылығының қолдауымен ұйымдастырылған шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары мен жастар қатысты. “Ямал маусымы” халықаралық жобасы аясында петропавлдықтар ямалдықтардың салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігіне үлкен қызығушылық танытты. Олардың өмірі жайлы кең мағлұмат алды.
Ямал-Ненец автономиялық округінің өкілі Елена Рудовская бұл шара бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісі ғана емес, шекаралас екі елдің достық қарым-қатынасының айқын көрінісі екенін атап өтті. Бір жыл бойы өткен жоба аясында түрлі басқосулар мен жиындар ұйымдастырылғанын баса айтқан жөн. Жалпы, біздің облысымыз бен Ямал-Ненец автономиясы арасындағы мәдени байланыстың орнағанына жеті жыл.
Жиын барысында Ямал-Ненец автономиялық округі туралы деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар Петропавл, Қорған, Салехард қалалары өкілдерінің қатысуымен онлайн кездесулердің қорытындысы шығарылды. Кітапхананың бірінші қабатында “Қазақстандағы Ямал маусымы” кітап көрмесі ұйымдастырылып, “Ямал. Әлем. Арктика. Адамдар” фотокөрмесі де көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Ресейдің халық суретшісі Герман Травниковтің картиналары көрмеге қойылғанын тілге тиек еткен жөн. Ал отырыс аясында Ямал-Ненец автономиялық округіне қарасты Белоярск кентінен келген Константин Ямзин жергілікті тұрғындардың өмір сүру салты жайлы сыр шертті. Аталмыш округте тұратын 550 мың тұрғынның төрттен бір бөлігі ғана жергілікті тұрғындар. Көшпенді халықтың негізгі кәсібі – бұғы шаруашылығы.
Қызылжарлық зиялы қауым өкілдері Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыс пен ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ықпал ететін бұл шараның маңыздылығына тоқталды. Ресейден келген делегация мүшелері қонақжай петропавлдықтарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, бірқатарын Алғыс хаттармен марапаттады. Ямал ұлттық тағамдарынан дәм татқан қатысушылар қонақтардың ән-жырымен де танысты. Шара соңында ямалдық авторлардың публицистикалық және көркем шығармалары кітапханаға тарту етілді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.