«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛ-СЕРІЛЕРДІҢ САРҚЫТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың сайын даласы – талай дарындарды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Күмбірлеп күй төгіліп, әсем әуен қалықтаған мекенде Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды дүлдүлдер өмірден өтсе де, сара жолды жалғаған өнерпаздар аз емес. Сал-серілердің сарқыты ретінде өнердің дамуына өз үлесін қосып жүрген жанның бірі – Жанарбек Ескендіров.

Өнер – халықтың мәңгі өшпес рухани қазынасы, тарихи шежіресі. Осынау таусылмас қазынаға айналған өнерге жан-тәнімен берілген азамат Жанарбек Ескендіров десек, қателеспейміз. Өмірі өнермен өрілген оның тағдыр жолы да өзгелерге ұқсамайды.

Ол 1966 жылы бұрынғы Чкалов ауданының Амандық ауылында дүниеге келген. Бала жасынан қазақтың ән-жырына, сазды әуеніне ерекше мән беріп өскен ол өзінің өмірін өнер саласына түбегейлі арнауды әу бастан-ақ мақсат тұтқан. Өнерді өміріне серік етіп, 1987 жылы Көкшетау мәдениет колледжіне оқуға түсті. Клубтық іс-шаралар режиссері мамандығын тамамдаған соң, туған ауылындағы Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі ретінде еңбек жолын бастайды. Содан бері, ол өнер соқпағында. Оған да, міне, отыз жылдың жүзі болыпты. Аз да, көп те уақыт емес. Алайда, жинаған тәжірибе мол. Тайынша, Шал ақын аудандық Мәдениет үйлерінің басшысы ретінде де абыройлы еңбек етті.

“Сударушки” вокалды тобы мен аудандық ардагерлер хорының көркемдік жетекшісі ретінде де оның есімі көпшілікке жақсы таныс. Халықтық әндерді нақышына келтіре орындап, айызыңды қандыратын өнерпаз қазақтың қара домбырасы мен өзге де музыкалық аспаптарды жетік меңгерген.

Бұл өнер оған ата-анасынан дарыған. Ескендіровтер әулетіндегі кез келген отырыста ән айтылып, күй шертіледі.

– Менің өмірім өнермен ғана байланысты. Жастайымнан ән-жырға жақын болып өстім. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған ән-күйімізді асқақтатып, ұлттың мәйегі болған мәдениеттің дамуына өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. Өнерді таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Жалпы, қазақ – дарынды халық. Осынау дарынды халықтың ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын, – дейді ол.

Өнерге өз үлесін қосуды азаматтық парызы санайтын оның өмірі де өзгелерге үлгі боларлықтай. “Шәкіртсіз ұстаз – тұл” демекші, тәлім-тәрбие алып жүрген талантты ізбасарлары бар. Олардың тәлімгерлерінен үйренері көп.

Жанарбек Мұратұлының азаматтық тұлғасы, адамгершілік асыл қасиеті де бөлек әңгіме. Денсаулығы сыр берсе де, жұмысынан ешқашан қалмайды, әр кез жауапкершілікпен қарайды. Бастысы – өнерден қол үзгісі келмейді. Еліне өзінің бір пайдасын тигізу – оның азаматтық ұстанымы. Өнерде еткен еңбек те, төгілген тер де аз емес.

Оның орындауындағы әндер кімнің де болса жүрегіне жетіп, қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Түрлі байқау, фестивальдардан алған марапаттары өз алдына, 2005 жылы Мәдениет қайраткері атағы берілді. Бұл – өнер жолындағы шынайы еңбектің жемісі. Мәдениет майталманы бүгінгі таңда Тайынша ауданына қарасты Леонидовка Мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Аудан көлеміндегі барлық мерекелік іс-шаралардың ажарын ашып, сәнін келтіретін де осы адам.

Оның шыққан биігі, бағындырған белесі көп. Ауданды, облысты айтпағанда, республика деңгейінде ұйымдастырылған байқауларда өзі де, шәкірттері де жүлделі орындардан көрінуде. Өнердің биік белесіне көтерілген дарын иесі дүлдүл әншілер Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенованың ақ батасын алған.

Отбасында адал жар, қамқор әке, сүйікті ата ғана емес, ағайын-туысқа бауырмал, көпшіл, айналасындағыларға сыйлы жан. Зайыбы Назгүлмен үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде әрқайсысы өз орнын тауып, кәсіптерін дөңгелетуде.

Азаматтың атқарған еңбегіне әділ төрелік айтатын халық. Халықтың талабы қатал, қалың көпшілік өзіне керегін ғана қабылдайтынын білеміз. Біз білетін Жанарбек Мұратұлы сияқты өнер адамы – сол халықтың жүрегінен орын алуға ұмтылып, өз мақсатына жеткен жан.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp