2019 жылдан білім беру ұйымдарында химия, физика, биология және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Осыған орай, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастап кеткен мектептердің мұғалімдері Петропавл қаласындағы бірнеше оқу орны базасында әріптестерімен тәжірибе бөлісті.
Пәндерді ағылшын тілінде оқыту мектептер мен мұғалімдердің дайындықтарына қарай кезең-кезеңмен енгізілмек. Бүгінгі күні облысымыздың 57 мектебінің 7-11-сыныптарында педагогикалық кеңестер және ата-аналардың келісімімен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде аптасына бір сағат факультатив ретінде оқыту ұйымдастырылған. Ол, негізінен, терминдерге түсінік түрінде өтеді.
18 жылдық ұстаздық өтілі бар Ольга Ломзева “БЭСТ” гимназиясында биология пәнінен 10-сыныпқа факультативтік сабақ берді. Оның мұнда еңбек етіп жүргеніне төртінші жыл. “Алғашында қиын болды. Бір сабақ беру үшін бір апта дайындық қажет. “Көз қорқақ, қол батыр” дегендей, алдыма қайтсем де үйренем деп мақсат қойдым. Шынымды айтсам, өзім балалармен бірге оқып жүрмін”, – дейді ұстаз.
“БЭСТ” гимназиясы оқушыларының тілге жетік екені көрініп тұр. Гимназия директоры Надежда Заиченко: “Мен қала мектептерінің директорлары үшін ағылшын тілінен арнайы курс өткіземін. Алғашында олар да қиналған, қазір үйреніп келеді. Ағылшын тілін үйрену өте жеңіл. Алынбайтын қамал жоқ. Біз қалай да балаларға тілді үйретіп шығаруымыз керек. Сондықтан “бұл қиын” демей, алдарыңызға “Мен қайткенде тілді үйренемін” деген мақсат қойыңыздар”, – деді.
Осындай сабақтарды “Білім-инновация” лицейінде физикадан Елнұр Жұмажанов, химиядан Динара Жақсылықова, биологиядан Ербұлан Әбдімұратов, информатикадан Елдар Ержанов өткізді. Сондай-ақ, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатта физикадан Темір Сабыр, биологиядан Мәдина Жағыпарова, информатикадан Арман Қабдөшев сабақ берді. №23 орта мектепте физикадан Светлана Попова, Бірінші гимназияда химиядан Татьяна Попова өз сабақтарын көрсетті.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың бірыңғай жүйесін әзірлеу мақсатындағы семинар-кеңеске жиналған ұстаздар өткізілген сабақтарды “Білім-инновация” лицейінде талқылап, “дөңгелек үстел” басында өз пікірлерімен бөлісті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.