Бала – өмірдің мәні мен сәні. Тоғыз ай бойы құрсағыңда көтерген сәбиіңді аман-есен дүниеге әкелу – ана үшін үлкен бақыт. Ал енді түрлі себептерге байланысты шақалақ өмірге айы-күні жетпей келсе, ана жүрегіне қорқыныш ұялайды. Ана сәбиінің өмірі үшін алаңдап, түн ұйқысын төрт бөледі. Осындай сын сағаттарда анаға дәрігерлер көмектеседі. 2009 жылдан бері шала туған балалардың халықаралық күні аталып келеді.
Кеше облыстық перинаталды орталықта аналар мен сәбилерге арналған шара ұйымдастырылды.
– Сәбилердің айы-күні жетпей тууының себептері өте көп. Оларды аман алып қалу үшін барлық медициналық көмек көрсетіледі. Заманауи құрал-жабдықтар да жеткілікті, – деді бас дәрiгердiң балалар жөнiндегi орынбасары Наталья Семенова.
“Шала туған баланың шырағы бар” дегендей, мерзімінен бұрын өмірге келген шақалақтарға аталмыш орталықтың дәрігерлері мен медбикелері ерекше көңіл бөледі. Білікті мамандардың арқасында 500-600 грамм болып туған сәбилердің өзі аман-есен ержетіп, ата-аналарын қуанышқа бөлеуде.
2017 жылғы он айдың ішінде орталықта жалпы 5906 сәби дүниеге келген. Соның 340-ы – шала туылған шақалақ. Бөбектердің ішінде 540 грамм ғана болып туғаны да бар екен. Сәби аман-есен өсіп келеді.
Петропавл қаласының тұрғыны Ботагөз Сәду орталыққа екі жастан асқан қызы Айлинмен бірге келген екен.
– Бұл орталықта тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Олар айы-күні жетпей туған нәрестелерді аяқтарынан тік тұрып, аман алып қалады. Солардың еңбегінің арқасында жүздері бал-бұл жанған аналар мен бақыттың бағында ойнап жүрген сәбилер қаншама?!. Сол үшін де оларға алғысым шексіз, – деді ол.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.