Өңірде сүт өңдеумен оннан астам кәсіпорын айналысады. Олардың арасында “Молсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің өнімдеріне сұраныс жоғары.
Алайда, тұтынушыларды сүттің сапасы әр кез қанағаттандыра бермейтіні рас. Оны жер-жерлерден түсіп жатқан шағымдар да айғақтайды. Проблеманың бір ұшы жеке сүт өндірушілерге келіп тіреледі. Сала мамандарының мәліметтеріне сүйенсек, сүт зауыттары шикізаттың 77 пайызға жуығын қосалқы шаруашылықтардан сатып алады. Оның 10 пайызы ғана техникалық стандарт талаптарына сәйкес.
– Біз 2007 жылы 5,7 мың тонна сүт өндірсек, биылғы межеміз – 18 мың тонна. Шаруашылығымызда 2,5 мыңға жуық сиыр бар, күніне 30 тоннаға дейін сүт сауылады. Шикізат құрамындағы бактериялардың саны, майдың мөлшері қалыпты деңгейде. Зертханалар арқылы қатаң тексерістен өтеді. Ал жекеменшік жөнінде бұлай кесіп айту қиын. Оларда гигиеналық тазалық төмен. Әсіресе, мал қоралары мен сүттің құрамы сын көтермейді. Тығырықтан шығудың бір жолы – сүт жинау жүйесін жетілдіру керек, – дейді “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко.
Кеден одағы елдерінде бекітілген техникалық регламент бойынша шикізаттың әр шаршы сантиметрінде бактериялардың саны 500 мыңнан аспауы тиіс. Жергілікті шикізатта бұл көрсеткіш нормадағыдан 2-3 есе жоғары болып отыр. Өңірде қатты ірімшікке деген сұраныс, негізінен, импорт есебінен өтеліп жүр. Өйткені, тек төмен температурада тазартылған шикізаттан ғана дайындалатындықтан, қайнатылған сүт жарамайды. Ал бірнеше мәрте өңделген жергілікті өнімнің құрамында пайдалы заттар азайып кетеді. Өңдеуге шығын көп жұмсалатындықтан, бағасы қымбат. Үй шаруашылықтарындағы өнім тазалығы түрлі басқосуларға арқау болғанымен, нәтиже шамалы. Тауарлы-сүт фермалары қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі, бірақ жүрексінеді.
Сүт кооперативінің төрағасы Марат Мусин бүтін ауылдың өніміне бір ғана тұлғаның бекітілуі жауапкершілікті нығайтумен қатар, тасымал мәселесін жеделдетуге де өз ықпалын тигізетінін алға тартады. Бұрындары тұрғындардан жиналған өнім арнайы көліктермен сүт зауыттарына жеткізілетін. Суытылмаған сүт екі сағаттан кейін бүліне бастайды. Оның зардабын алыстағы елді мекендер тартатын. Енді шикізат қабылдап, жеткізумен ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы тікелей айналысып, сүт салқындататын қондырғымен қамтамасыз етілсе, жағдайдың оңалары анық. Биыл ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға 1 миллиард 65 миллион теңге бөлініп, 293 жоба қаржыландырылды. Тұрғындар 3 мыңға жуық сиыр сатып алып, 17 жаңа сүт қабылдау бекеті құрылды.
Қазір шикізаттың тапшы кезі. Осындай “өліара” кезеңде пысықай делдалдарды сапа емес, жеке бастың мүддесі көбірек қызықтырады. Екіншіден, ауылдықтарға сүттен жасалатын (қаймақ, ірімшік, құрт, т.б.) өнімдерді сату тиімдірек. Қайта өңдеу зауыттары осы олқылықтың орнын толтыру үшін кептірілген сүт ұнтағын пайдалануға мәжбүр болуда. Көбіне шетелден әкелінеді. Соңғы алты жылдың ішінде сырттан 72 мың тонна кептірілген сүт сатып алынған. Былтыр елімізде 200 миллион доллардың сүт өнімдері импортталса, бестен бір бөлігі құрғақ ұнтаққа тиесілі. Жыл өткен сайын оның үлесі көбейіп келе жатқанын байқауға болады. Өңірге құрғақ сүттің 51 пайызы Украинадан жеткізіледі. Іргедегі Ресейде де бұл шикізаттың тапшылығы байқалып отыр.
“Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченконың пікірінше, шаруашылықтарды көп салаға бейімдемей болмайды. Ол үшін қатаң шараларға дейін қолдану керек. Сонда ғана әбден дендеп алған құлықсыздық пен немқұрайдылықтың тамырына балта шабылады. Мәселен, облыста үш мыңға жуық серіктестік пен шаруа қожалығы егіншілікпен шұғылданса, үштен бірі ғана мал өсіреді. Әр 20 гектарға бір ірі қара мал ұстауды міндеттеу қажет. Олай болмаған жағдайда, демеуқаржы алу құқынан айырған жөн. Мал шаруашылығы тынымсыз еңбек пен орасан шығынды қажет ететіндіктен, ешкім айналысқысы келмейді. Бұл ұсыныс ауқымды егістік алқабын иемденіп отырған алпауыт компанияларға тікелей қатысты. Сонда мал басы күрт көбейер еді. Біз инвестиция құйғаннан кейін тезірек пайда табу пиғылынан әлі арыла алмай келеміз.
Бұл орайда ой-пікірлер екіге жарылғанымен, шикізат тапшылығын жою, сүт өнімінің сапасын жақсарту, толғақты күйінде қалып отыр.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.