Бүгінгі таңда “Фирма Алекри” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – тауық жұмыртқасының өндірісі бойынша еліміздегі ең ірі әрі қарқынды дамушы кәсіпорындардың бірі. Ол бүгінде жылына 150 миллион дана жұмыртқа шығаруға қауқарлы.
Облысымыздың құс өсіру саласының беткеұстар кәсіпорны өнімін еліміздің басқа өңірлеріне жеткізіп қана қоймай, жақын шетелдерге де шығарып келеді.
Осыдан 25 жыл бұрын ашылып, ісі жылдан-жылға өркендеп келе жатқан фирманың директоры Александр Прядконың тәжірибесі мен біліктілігіне қызығуға болады.
– Тоқсаныншы жылдардың басындағы ауыр кезеңдерде немен айналысамыз, жаңа экономикалық үрдіске қалай енеміз деген мәселе мазалаумен болды. Отбасымызбен кеңесіп, коммерциямен айналысуға бел будық. Бұл кезде құс өсірумен айналысайын деген ой да болмаған еді. Сөйтіп, брокерлікпен айналыса бастадым. Ол кезде бартер деген күшті ғой, “Северная” құс фабрикасының басшысы бірде менімен балапандармен есеп айырысты. Сосын құс қорасын жалға алуды ұсынды, – деп еске алады серіктестік директоры Александр Прядко.
Ол бұл істің болашағы барына сеніп, құс өсіру саласын қолға алады. Жолында кездескен талай қиындықтардың бәріне төтеп бере білген фирманың жұмысы осылайша бастау алған. Ал “Алекри” деген атау кәсіпкердің ұлы Александр мен қызы Кристинаның есімдерінің алғашқы үш әріптерін біріктіруден құрылған екен.
2004 жылы кәсіпкер қайта құру үрдісін бастап, өндірісті кеңейтіп, жаңартуға көшеді. Бүгінде “Фирма Алекри” ЖШС-і құс фабрикасы мен астық өсіру кешенін, сауда жабдықтары өндірісін қамтыған, көлік цехы, шағын наубайханасы мен дүкендері бар нағыз ауыл шаруашылығы холдингіне айналып отыр. Десек те, оның негізгі бағыттары тауық жұмыртқасы, құс еті және астық өндірісі болып сақталуда.
Кәсіпорын өңірімізде алғашқылардың бірі болып құс өсірудің заманауи жабдықтарын қолдана бастады. Осылайша, компаниядағы жұмыс тек қана жоғары сапалы өнім алуға негізделіп келеді.
– Тауық – өте сезімтал құс. Сондықтан, құс өсіретін залдар автоматтандырылып, компьютерлендірілген. Біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жарық-диодты жарықтандыруды енгіздік. Сонымен қатар азықты жаңа технология бойынша дайындайтын компьютерлендірілген жүйені іске қостық, – дейді кәсіпкер.
Серіктестік тауықтың “Хайсекс Браун”, “Хайсекс Уайт”, “Деклаб Уайт” түрлерін таңдап алыпты. Тәуліктік балапандар Ресейдің “Свердловский” деген кәсіпорнынан жеткізіледі.
Құс өсіру кешенінің құрамына 540 мың құсқа арналған алты өндірістік цех, екі залдан тұратын 140 мың орындық балапан өсіретін цех, қуаттылығы сағатына 9 тонна болатын құрамажем зауыты және сағатына 54 мың дана жұмыртқа сұрыптайтын цех енеді. Олар “Zucami” (Испания), “ТЕХНА” (Украина, Ресей), “STALKAT EFM 1206” (Голландия) сияқты әлемдік нарықта танылған компаниялардың құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Құстарды сою, тазалау, жуу жұмыстары санитарлық-техникалық талаптардың қатаң қадағалануымен немістің “Лоренц” фирмасының автоматтық желісінде жүзеге асырылады.
Серіктестік қажетті жемазықпен өзін толық қамтамасыз ете алады. Бастапқы 700 гектар алқапты 7 мың гектарға дейін ұлғайтқан компания жер өңдеу, астық жинау техникаларын түгел жаңартып алған. Жуырда екінші шағын элеваторы бар кептіру кешені орнатылды. Сондай-ақ, көлемі 100 текше метр болатын су қоймасы бар су сорғыш станциясы да іске қосылуда. Ал өз аумағын абаттандыру жұмыстарына кәсіпорын биыл 60 миллион теңге қаржы жұмсапты.
Компания жетекшісі қиындыққа мойымайтын еңбекқор ұжымды қалыптастыра білген. Мұндағы көптеген жұмысшылар кәсіпорын құрылған уақыттан бері еңбек етіп келеді. Қызметшілер жұмыстарына қолайлы зертханалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.