Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевтің төрағалығымен азаматтық қорғау жүйесіне қарасты мекемелердің биылғы қыс мезгілінде жұмыс істеуге әзірлігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша отырыс өткізілді.
Алқалы жиында облыстық жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Нұрлан Бүркіталин қыс мезгіліне дайындық жұмыстары туралы ақпарат берді. Ол көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауа райының бұзылуына байланысты жолдарда төтенше жағдайды болдырмау, қар кептелісін жою және адамдарды эвакуациялауды жедел ұйымдастыру басты назарда болатынын атап өтті. Жолдарды қардан тазалайтын және арнайы техниканың 740 бірлігі, сонымен қатар адамдарды тасымалдау үшін көлік құралдары дайындық сапына қойылған. Ыстық тамақ ұйымдастырылған, дәрі-дәрмектермен және қажет заттармен қамтамасыз етілген 280 жылу пункті дайындалған.
Одан кейін СҚО бойынша “Қазгидромет” РМК-нің, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, энергетикалық және коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері өз салалары бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.
“Қызылжар-Ақпарат”.