«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢ ЖАДЫМЫЗДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бес күндік жалған дүниеде бәріміз де қонақпыз. Сұм ажал кәрі-жасқа қарамайды. Қайғының қара бұлты үйіріліп, өңіріміздге қадірлі азамат, өмірлік қосағым Сайлау Ғаббасұлынан айырылып қалғаныма да төрт жылға жуықтапты.

Орны толмас қаза отбасымыз үшін үлкен соққы болды. Сәкең өмірден өткенде бүкіл ел-жұрт аза тұтып, жоқтады. Халқының қолдауын көңіліме медет тұтып, өмірдің бағытымен ғұмыр кешудемін. Сәкеңнің тұлғасы біртіндеп биіктеп, мәңгілікке айналып кеткендей, мен содан қуат аламын.

Уақыт – емші болса да, жақын адамыңның орнын ешнәрсе толтыра алмайды екен. Теңіз толқынындай тынымсыз тіршілікте өмір өтіп, уақыт зымырауда. Уақыт жылжып, жылдар жылыстаған сайын оның жоқтығы білінуде. Жұбайымның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, әдеттері көкейімнен еш кетпейді. Бүгінде орны ойсырап тұр. Көңіл өлімге қимайды. Жоқтаймыз. Амал нешік.

Сайлау Ғаббасұлының отбасына деген ыстық ықыласы да ерекше болатын. Демалыс күндері қолы босаса, алтын уақытын бала-шағаға арнайтын. Үйде болса, ағайын-туысты, жора-жолдастардың басын қосып, қонақ шақыратынбыз.

Бәріміз де алтын бесік – ауылда өстік. Жер үйде тұрып, таза ауамен демалғанға не жетсін?! Менің серігім де жер үйді аңсады. Он жыл көлемінде салынған үйге қолұшын берген жандарға өзінің ризашылығын айтып отыратын. Кең дастарқан жайып, көмектескен адамдарға ас дайындайтын едік. Қазір ойласам, сол кез ең бақытты шағымыз екен. Жанына жақын адамдарды көргенде үйіріліп, хал-жағдайын сұрап, ерекше ықылас-пейіл танытатын. Секең ар-намысы жоғары, жүрегі жұмсақ, бекзат көңілді, шуақ шашқан жан еді.

Тұйыққа тірелген талай азаматтар көрген қиыншылығын, жағдайын айтып, ақыл сұрап Сәкеңе келетін. Сөздің құдіретін білетін ол әр адамның ішкі тебіреніс, толқынысын, сырын ұғынуға тырысатын. Жылы сөзінен көпшілік жанына дауа тауып, талай адамға көмегі тиді. Інілік ізетін көрген, ағалық ыстық ықыласын сезінген азаматтар өте көп. Өз ортасына ар-ұятымен, адалдылығымен, ең бастысы, адамгершілігімен қадірлі болды. Өйткені, ол адам бойындағы ең асыл қасиет – адамгершілікті әрқашан жоғары ұстады. Оңай олжа, арзан беделден гөрі, азаматтық абыройын ойлады. Кім-кімге болсын көңілі таза, пейілі ақ, ниеті түзу еді.

Кезінде оның жанына үйіріліп, аға, пана тұтқан жандардың, әсіресе, жастардың тіршіліктің мынау аласапыранында үнжұрғасы түскенін көргенде еріксіз Сәкең еске түседі. Айналасына жүрегінің жылуын теңдей шашып, өз қамынан гөрі, өзгенің жайын көбірек ойлайтын арыс еді ғой.

Жарқын ғұмырында ұстанған басты қағидасы – біреуді қуанту, өзгеге жақсылық жасау. Біреуге көмегі тисе, көңілі өсіп, жарқырайтын. Үйімізден қонақ арылған емес, дастарқанымыздан ас кетпейтін. Өзінің көпшіл мінезімен баршасын баурап алатын. Осындай жанмен отасып, бақытты ғұмыр кешкеніме қуанамын.

Сәкең өмірден өтер алдында, бала-шағамызбен, құда-жекжатпен бірге жаңа жылды қарсы алдық. Сол отырыста Сәкең: “Менің ауруым меңдеп тұр, өмір шарттарын түгел орындағандаймын: үй салдым, бау-бақша отырғыздым, балаларымды үйлендірдім, тек қана Ермегімнің сәбиін бір сүйіп өтсем деп едім. Атын Сайлауке қояр едім (ұл бала болатыны белгілі болған)”, – деп балаларына ризашылығын білдірді. Ұрпағының ел қатарлы білім алып, жұмыстарын істеп, көңілінен шыққанын, болашақтарына сенетінін жеткізді.

Қызымыз Аида – жоғары санаттағы ұстаз. Білім саласына өзінің үлесін қосты. Бүгінде Ерке, Ләйлә дейтін екі немеренің сүйікті әжесі. Немереміз Кәмила – Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертану ғылымының магистранты әрі ұстаз. Нұрсұлтан Назарбаев атындағы шәкіртақы иегері. Әминамыздың да дәл осындай жетістігі бар. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ұлттық музейінде қызмет істейді. Ол аталмыш мұражайда атасының суреті ілулі тұрғанын әрдайым мақтаныш етеді.

Үлкен ұлымыз Ерлік полковник шенінде, кенжеміз Ермек те әскери қызметкер. Қазір Алматыда. Құдайға шүкір, немерелеріміз бар.

Заман көшімен уақыт өтуде. Сәкеңнің өзі салған үйі, бау-бақшасы сол қалпында. Ол қызмет бабымен жолсапарларға, шетелдерге көп шығатын. Барған жерінен маған, балаларға, немерелерге, ағайындарға, көрші-қолаңға базарлық әкелуді әсте ұмытпайтын және арнап әкелген заттарын өз қолымен тарататын. Оның арқасында ең қымбат заттарға ие болдым. Осының бәрін айта жүрсін деп істеген екен-ау, арысым!

Күләш ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ,

зайыбы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp