«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШІП КЕЛУШІЛЕР ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢ Ішкі миграция саласындағы ережелерге түзетулер енгізу қажеттігін жергілікті тәжірибе айқын көрсетіп отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ішкі көші-қон үдерісін үйлесімді реттеу, еңбек ресурстарының теңгерілімін қамтамасыз ету бағытында Үкімет тарапынан атқарылып жатқан кең көлемді шаралар облыста жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл орайда, қалыптасқан іс-тәжірибелер, көшіп келген отбасыларға жасалып жатқан әлеуметтік көмектер республикада үлгі дер едік. Мұның өзі солтүстік өңірлердегі демографиялық ахуалдың түзеліп, жұмыс күшінің жетіспеушілігін шешері анық.

“Қызылжар өңіріне күнгей жақтардан ат басын тіреген отбасылар тиесілі әлеуметтік қаражаттарына қол жеткізе алмай отыр” деген дабыл түскеннен кейін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім жетекшісі Алма Махметовамен хабарласып, мәселенің мән-жайына үңілген едік.

– Алдымен мына жайттың басын ашып алған жөн. Биыл квота шеңберінде көшіп келген 110 отбасы талапқа сай орналастырылып, барлық әлеуметтік мұқтаждықтар шешілді. Оларға 43 миллион теңге мөлшерінде бірреттік жәрдемақы, бір жылға баспана жалдауға берілетін қаражат толық төленді.

Мәселе квотадан тыс келген қоныстанған 74 отбасыға қатысты екенін бөле-жара айтқым келеді. Әйтпесе, кейбіреулердің істің байыбына бармастан, асығыс айтылған сөздері жұртшылық арасында түсінбестік тудыруы мүмкін. Ең үлкен орналасу – біздің өңірде. Осыған орай, өз ықтиярымен келушілер қатарының көптігі ескеріліп, тамыз айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жазылған болатын. Оларды квотаға енгізу туралы өтініш айтқанбыз. Қазір 23 миллион теңге есепшотта болғанымен, жергілікті билік орындарында төлем құқы жоқ. Оны шешу тек аталмыш ведомствоның құзырында. Басты себеп – осы, – деді Алма Махметова.

Оның сөзінен аңғарғанымыздай, қыркүйек, қазан айларында көшіп келген отбасылардың жанайғайы, шынында да, дабыл қағарлық. Не үйі, не күйі келіспегендіктен, теріскейдің қаһарлы қысына қатты алаңдаулы. Осы жерде бар жайт министрлікке тіреліп отырғаны айтпаса да түсінікті. Біздіңше, арнайы ережеге өз ықтиярымен келетіндердің квотаға алынатыны, жеңілдіктер жасалатыны анық жазылуы шарт. Сонда есіл уақытты текке алатын қағазбастылық та, ерсілі-қарсылы сенделу де, бір-біріне сілтей салу секілді жауапкершіліктен сытылу да азаяр еді. Келесі жылы облыс квота арқылы 690 отбасыны қабылдайды. Квотадан тысқары ниеттенетіндер қаншама?! Сондықтан мұндай түйінді түйткілдер туындамас үшін жедел шешімдер қабылдамай болмайды.

Соңғы екі жылда 12 отбасы кері оралған. Бір отбасы өтемақыны толық қайтарса, бір отбасының ісі сотқа жіберілген. Биыл кемі бір жылға дейін тұрақтату міндетті мерзімі алты айға дейін шегерілген. Бұл да ойландырмай қоймайды. Өйткені, мемлекет қаражаты есебінен тұрғын үй алу сияқты жеңілдік жасалып отырғанда жарты жылдан соң дүние-мүлкін сатып, кері көшіп кетпей ме деген қауіп жоқ емес. Кезінде шеттен келген ағайындар заң нормаларының осал тұстарын пайдаланып, жан-жаққа бытырай көшкені мәлім. Сондықтан ережеге кемінде бес жылға дейін қоныстандыру жөнінде жазылса деген ұсыныстар негізсіз емес сияқты. Осы уақыт аралығында жан-жақты әлеуметтік жағдайлар жасалумен қоса, өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен ортаға да үйренісіп, түпкілікті орнығып кетері кәміл.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp