“Атамекен-Агро” акционерлік қоғамы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін бар сән-салтанатымен атап өтті. Биылғы астық жинау науқанын табысты аяқтаған холдинг өз еңбеккерлеріне барынша сый-құрмет көрсетіп, еңбегімен еленгендерді марапаттады.
“Атамекен-Агро” АҚ-ның қарамағында он бес ұжым бар. Олардың бесеуі – егіншілікпен, алтауы мал шаруашылығы және құс өсірумен айналысса, қалған төртеуі элеваторлар мен құрылыс кәсіпорны болып табылады. Олардың бәрінде үш мыңнан астам адам еңбек етеді.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.
– Ел экономикасының 25 пайызын ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Облыс халқының 56 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың бір жүз мыңнан астамы аграрлық салада еңбек етеді. Сондықтан бұл біз үшін мерекенің маңызы ерекше.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында аграрлық сектор экономикамыздың жаңа драйвері болуы тиіс деген еді. Бұл тапсырманы орындауда “Атамекен-Агро” АҚ-ның қосып жатқан үлесі зор. Ол өндіретін жоғары сапалы астық Бельгия, Латвия, Түркия, Италия, Ресей, Өзбекстан, Польша, Германия елдеріне экспортталады. Алғашқыда бұл агроқұрылым гектарынан 9,5 центнер астық өндірсе, осы таңда өнім берекелігі 22,5 центнерден айналып отыр, – деді ол.
Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығындағы ұзақ жылғы адал еңбегі, өңіріміздің агро-өнеркәсіп саласының дамуына қосқан үлесі, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ауылдағы өмірді белсенді дамытуға қатысқаны үшін бір топ ауыл шаруашылығы қызметкеріне облыс әкімінің атынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хат табыстады.
“Атамекен-Агро” АҚ-ы 14 жылда еліміздің беделді ауыл шаруашылығы құрылымына айналды. Холдинг басқармасының төрағасы Артур Ахметовтың айтуынша, олар жер өңдеп, астық сапасын арттырудың үздік технологияларын жүйелі меңгеріп келеді. Үстіміздегі жылы акционерлік қоғамның еншілес құрылымдары майлы дақылдар өндірісін дамытуды қолға алған. Бұл жұмыс өз нәтижесін беріп те үлгерген. Биыл, сондай-ақ, олар алғаш рет жасымықты да отырғызған.
Холдинг соңғы үш жылда астық жинау техникасы паркінің 45 пайызын жаңартқан. Биылғы жылдың өзінде 7 миллиард теңгеге 36 трактор, 17 дән себу кешені, 6 дәрішашқыш, 45 комбайн сатып алынған. Артур Ахметов егін шаруашылығымен қатар, мал өсіру ісін де дамытуды жалғастыратынын, осылайша, 2022 жылға дейін мал басын 25 мыңға жеткізуді көздеп отырғандарын айтты.
Бүгінгі таңда акционерлік қоғам екі жарым мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ұстап отыр. Қызметкерлердің еңбекақы қоры соңғы уақытта үш есе өскен.
Қалыптасқан дәстүр бойынша “Атамекен-Агро” АҚ-ның басшылығы жыл сайын жақсы көрсеткіштерімен ерекшеленген үздік еншілес кәсіпорынға көшпелі кубокты табыстайды. Биыл бұл кубок “Шатило және К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорына берілді. Ал “Сағат СК” ЖШС-нің басшысы Загит Тухматулин астық егу компаниясының қорытындылары бойынша “Ең үздік директор” болып танылды. Салтанатты шара барысында ең үздік инженер, агроном, механик сияқты бірнеше аталымдар бойынша 100-ден астам атамекендік марапатталып, оларға Алғыс хат, сертификаттар табысталды, кейбіреулеріне сыйақылар да берілді. Жиналғандар үшін мерекелік концерт тарту етілді.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Солтүстік Қазақтан”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.