“Нұр Отан” партиясы Уәлиханов аудандық филиалының мүшелері жергілікті жердегі мектеп және колледж түлектерімен кездесті.
Кездесу барысында партияның “Сәтті қадам” жобасының артықшылығы және жастарды жұмысқа орналастыруда қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы туралы айтылды. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық қазіргі заманның өзекті мәселесі екені белгілі. Осы түйінді мәселені шешу үшін қолға алынған “Сәтті қадам” жобасы Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінген түлектердің жоғары білім алуына және жұмыс табуына мүмкіндік жасап отыр.
– Жыл басынан бері аталған жоба аясында жүйелі түрде түлектермен кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық қабылдаулар өткізілді. Жастар тарапынан көтерілетін мәселенің бірі – жұмыссыздық. Бұл мәселені шешу үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жиі өткізгендіктен, аудандағы кәсіпорындармен және мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыс орнаттық, – деді “Нұр Отан” партиясы Уәлиханов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Маржан Латыпова.
Үстіміздегі жылы осы ауданда Ұлттық бірыңғай тестілеуге 116 түлек қатысыпты. Соның 12-сі шектік деңгейден өтпеген. Дегенмен, партиялық жобаның арқасында тестілеуден сүрінген түлектер қолдаусыз қалған жоқ.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.