Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу шежіресінің алғашқы әрі маңызды белесі – Президент сайлауы. 2012 жылдан бастап бұл күн, яғни 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекесі ретінде кең көлемде тойланып келеді. Айтулы мереке қарсаңында Достық үйінде және С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада шаралар өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы мен қызметі, елімізді дамытудағы рөлі әңгіме өзегіне айналды.
Достық үйіндегі шарада сөз алған облыстық әкiмдiк жанындағы мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiктi арттыру аймақтық орталығының директоры Сабыр Ибраев Елбасымыздың өмірбаяны мен тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу тарихына тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек жолы ұзақ әрі қызғылықты. Гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Александр Мерк “Нұр Отан” партиясы съезінде Елбасымен алғашқы кездескен сәтін есіне алды. Александр Андреевичтің айтуынша, Елбасы өзіне сенімді, рухы мықты көшбасшы ретінде ұмытылмас әсер қалдырған. Жиында, сонымен қатар, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ғалымдары мен оқытушылары, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестік өкілдері сөз алды.
“Тәуелсіз Қазақстан және Ұлт көшбасшысы” деген атаумен С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “дөңгелек үстел” басында да Елбасының ерен еңбегі, еліміздің дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы айтылды. “Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауын әрқашан сезінеміз”, – дейді жастар бастамалары орталығы ақпараттық бөлімінің меңгерушісі Роксана Орынбасарова.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.