Үстіміздегі жылы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң жобасы қабылданған болатын. Орталық коммуникациялар қызметінің өңіріміздегі филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Виктория Пивоварова заң жобасының негізгі тұстарын таныстырды.
Алдағы уақытта қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстау мерзімі – 72 сағаттан 48 сағатқа дейін азайтылмақ, егерде ол кәмелеттік жасқа толмаған болса, ұстау мерзімі 24 сағаттан аспауға тиіс. 72 сағатқа дейін ұстау тек аса ауыр, лаңкестік немесе экстремистік, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топпен жасалған, заңсыз есірткі айналымы, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар және сол сияқты адам өліміне әкеп соққан қасақана әрекеттер бойынша ғана қолданылады.
– Сонымен қатар экономикалық қылмыстар бойынша адамды қамауға жол берілмейтін болады. Себебі, олар адам өмірі үшін қауіпті болып есептелмейді. Бұл норма жалған ақша жасау, рейдерлік, контрабанда, қаржылық пирамида және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалған қылмыстар бойынша қолданылмайды. Жыл басынан бері өңірімізде экономикалық қылмыстың 133 оқиғасы тіркелсе, оның 75 пайызы ашылды, – деді Виктория Пивоварова.
Адвокаттардың өкілеттігі кеңейіп, енді қорғаушылар сот арқылы өзіне қажетті оқиға болған жерді қарап-тексеру, тінту, мәйіттерді эксгумациялау және басқа да әрекеттерді жүргізу жөнінде тергеушілерді мәжбүрлей алады.
Сот, прокурор, тергеушінің жұмысы жеңілдетіледі. Сот санкциясы бұрын 3 тәулік берілетін болса, қазіргі уақытта 2 сағат ішінде қаралады. Наркологиялық және психоневрологиялық диспансерден анықтамалар шұғыл түрде берілетін болады. Әрбір іс-әрекет және барлық құжат айналымы компьютер арқылы бақыланады. Осы арқылы ісқағаздарын қолдан жасау, алып тастау деректеріне тосқауыл қойылмақ.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.