«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШТЫҢ АЯҒАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аяған Шәжімбаев өмірден ерте кеткенімен, мағыналы ғұмыр кешті. Мағыналы болатыны – ол өнерді сүйді, жай ғана сүйіп қойған жоқ, өзгелерден ерекше, бар болмысымен, жан-тәнімен, жүйке тұлғасымен ессіз сүйді. Өнерді сүю деген сөз халқыңды сүю деген сөз болар, сірә? Оның себебі, қандай шынайы жүйрік, ойпаз болсын, ең алдымен, халқының көңілінен шығуға, соның жүрегіндегіні айтуға, болмысын бедерлеуге талпынады ғой. Аяғанда сондай талпыну, ұмтылу ерекше еді.

Содан кейінгі бір айта кетер жай – Аяғанның бойында кешегі ұлттық өнерді биік белеске көтеріп кеткен қасиетті қара шалдарды – біртуар тектілерді елестететіндей қасиет бар еді. Бір ауық соларға еліктегісі келетін еді, ең алдымен, соларды ауызға алып сөйлер еді. Бұл қасиеттің бүгінде көбімізде жетісе бермейтіні рас. Бәлкім, ол өзінің өмірден ерте озатынын білді ме екен, әйтеуір, олар туралы жиі айтатын. Бірақ ол сол ұлы аруақтар алдындағы парызының тамшыдайын болса да, тірі күнінде өтеп кетті. Жұмат Шанин, Әнуар Молдабеков туралы түсірген деректі фильмдері көркемдік деңгейімен де қазақ документализмінде жарқын белес болып қалғаны ақиқат. Әрине, тірі болса бұл тізім әлі жалғаса берер еді. Ол осындай ірі тұлғалардың тұтас бір сериясын жасасам дейтін. Өткеннің өнегесіне, рухани мұратқа бұдан артық адалдық бола бермес. Бәлкім оны өнерде жебеген де солардың өлмес рухы шығар?!

Аяған, өзі айтатындай, енді ашылып келе жатыр еді. Онысы да рас, бұл жүрегін жарып шыққан шын сөзі еді. Өйткені, ол тұрмыстың қиын тауқыметімен нағыз өнерге арнайтын жігіт күндерін күйбің тірлікке, отбасының күйкі тіршілігіне арнамағанда, жан дүниесі өзгенің бәрін жиып қойып, тек алаңсыз өнер төгуді ғана ойлағанда, Аяған әлдеқашан алысқа кетер ме еді. Бірақ осынау азапты күндер мен түндердің ол үшін де пайдасыз бола қоймағаны рас. Ол өмір деген көк мұхиттың дүлей толқын мектебін бітірді. Соның қазанында қайнады, көрігінде суарылды. Адамдарды таныды. Режиссер үшін де бұл керек мектеп еді. Ол бәрінен де кеш қалмас еді, тек өзекті өртейтін өкініштің ерте келгені қиын болды. Бірақ ол әлдекімдердей әлін білмей кеудемсоқтап, бірден көркем фильмдердің шалғайына жабыспай, қырқына дейін қиын өнердің қара қазанында қайнап, “қара жұмысшысы” атануды намыс көрмей (режиссердің көмекшісі, ассистенті, қосалқы режиссер) жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтады.

Ең алдымен, үлкен өнерге деректі фильмдер арқылы үлкен мектептен өтіп келген Аяған өзінің нағыз режиссер-суреткер екендігін содан соң ғана барып көркем фильмдерінде танытуға тәуекел еткен еді. Бұл кез – Аяғанның қырықтың қырқасына шығып, көркемдік кеңістігіне енді батыл көз сала бастаған тұсы еді. Бұл қасиеттің алғашқы нышанын ол “Жансебіл” көркем фильмінде (сценарийі Ж.Қорғасбектікі) көрсете білді ғой деп ойлаймын.

Осынау психологиялық картинаны түсіру оған оңай соққан жоқ. Суреткерлік дайындығың болғанымен де, кино – үлкен өндіріс. Бұл ретте түрлі кедергілер, қолбайлаулар да болмай қалмайды. Дейтұрғанмен де, ол осы қиындықтардың бәрін жеңе жүріп, өзінің суреткерлік мұратына жетті. Фильм жұртшылық тарапынан үлкен бағасын алды. Тіпті, мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның алдына дейін барып қайтуының өзі бір мәртебе ғой.  

Әрине, бұл туынды жөніндегі ой-толғаныстарды, режиссердің тапқыр тұстарын әр қырынан келіп сөз ете беруге болар еді. Ол – болашақтың әңгімесі. Бір мақалада бұл тұрғыдағы ойды сарқып айту мүмкін де емес. Біздің ойымыз – Аяған Шәжімбаев азамат-өнерпаз ретінде кім еді, сол төңіректегі толғанысқа көбірек тоқталу. Мен үшін оның көркем фильмдегі тұсаукесеріне одаққа кең танымал Галина Макарова мен өзіміздің атақты шал Қасым Жәкібаевтың түсуі – үлкен оқиға. Бұлар – текті, тәкаппар, талғампаз таланттар. Бұл да болса (сценарийдің, оның алғашқы әңгіме түріндегі әсері өзінше бөлек әңгіме) режиссердің таланты мен сенімін бағалағандық деп ұғу керек.

Аяғанды көбіне ойландыратыны кинодағы, жалпы көркемөнердегі ұлттық мінез, бояу еді. Бұл орайда, ол өз буынындағы кейбір әріптестерімен келіспейтін. Сол үшін де кей тұстарда саяқ қалып, мұңлы күй кешіп жүрер еді. Ондайда бұл ойы жүрекке жақын болған соң сырласа, пікірлесе кететінбіз. Кейбіреулердің тек ұлттық тұрғыдан ойлауды білімсіздікке, ескілікке балап жататынына зығырданы қайнайтын. Сол бір күндері “Егемен Қазақстанда” ұлттық кино туралы бет ұйымдастырып, сонда Аяғанның сол пікірлерінің бірсыпырасының айтылуына, жұртқа жетуіне жағдай жасалған еді. Осындай бір кең көсілген әңгімелердің, сырласулардың тұсында ол Махамбетті түсірсем деген арманын да айтып қалатын, оған біз сенетінбіз. Бұлай деуге толық негіз бар еді. Онда батыр мінез, “махамбетшілдік” бар болатын.

Әдетте, адал адамнан ғана шынайы өнер туатыны талас тудырмаса керек. Аяған да адал еді. Шын жүйріктер туралы ішіне кір сақтамай, ынты-шынтысымен өзінен-өзі ақтарылып адал айтатын. Әсіресе, Қасым Жәкібаевты қатты қадірлейтін. Қашан көрсең де: “Шал ауырыңқырап қалыпты, шалдың басын жазып жіберу керек еді”, – деп жүретін. Бірде маған ол: “Сен осы елдің бәрін жазасың, бірақ талғап, таңдап жазасың, оны да білемін. Осы Жәкібаевты неге жазбайсыңдар, ол әлі ашылмаған адам”, – деп еді. Осы сөз қамшы болды ма, мен содан кейін көп ойландым. Жәкібаевты көз алдыма келтіремін. Ойнаған рөлдерін еміс-еміс елестетемін. Кинодағы рөлдері белгілі. Бірақ ол кісі маған театрға қажет секілді көрінеді де тұрады. Ол театр үшін туғандай. Шын жүйріктің кинода мүмкіндігі шектеліп қалған секілді көрінеді. Оның үстіне театрдан ертерек кеткені, қуып жіберіпті деген секілді қаңқу сөздер де ойыма келеді. Қысқасы, Аяғанның “ашылмаған адам” деген сөзі көкейімнен кетпей тұрып алады. Сөйтіп жүргенде, “Егемен Қазақстанда” “Сахнаны сағындың ба, саңлағым!?” деген эссе жазылды. Қасекеңмен бірнеше мәрте кездестім, армансыз сөйлестім. Тағдыры қиын кісі екен. Сырт көзге қуақы көрінетін ғажайып комиктің іші тола әңгіме екен. Тамаша таланттың керемет қасиеттеріне қайран қалдым, көп дүниеге көзім ашылды, қазақтың қасиетті қара шалдары туралы көп тағылымдық әңгімелер естідім. Қасекеңмен әңгіме барысында Аяғанның жан дүние байлығының түп-тамыры қайда жатқанына бір табан болса да жақындай түстім. Мен сонда Аяғанның мектебі тегін емес екенін бағамдадым. Сөзіміз жетім болмас үшін сол күндер туралы жазылған эсседен бірді-екілі мысал келтірген жөн шығар. Ұмытпасам, ол кез 1992 жылдың наурыз айының қарсаңы болатын.

“Қасағаң темекі тұтатты. Өңі нұрланып, екі бетінің ұшында қызғылт сәуле ойнады. Әлсін-әлсін жөтел қысады. Саин көшесін өрлеп келеміз.

– Біз армансыз адамбыз, – деді қаршығадай қағылез қара шал. Әлдебір ой жетегінде үнсіз келе жатқан маған бір кезде: “Неге демейсің бе, енді”, – деді Қасағаң ентігіп. “Неге, аға?” – дедім. “Өйткені, біз бар ғой, біз, Қаллеки, Шәкендердің алдын көрген адамбыз, вот солай. Солармен айбарлы, рухтымыз. Әйтеуір, сол кісілерден алып қалған, жұққан бірдеңе әлі күнге өлтірмей сүйрелеп келеді ғой. Оларды көрмесек өстіп көгерер ме едік, қайтер едік деп ойлаймын бүгінде”.

Ол атақты ағаларын есіне алған сайын арқаланып кеткендей. Бір түрлі нұрлы, асқақ күй кешіп келе жатты.

– Айналайын, әңгіме болсын. Аймановтың алдында қарыздар болып қалмайын, мына бір жай есіме түсіп келе жатыр, – деп Қасағаң өзіне ғана тән әдетімен сұқ саусағымен мұрнын қаққыштай берді. – Шәкен аға да Абайды қойған. Инсценировкасы өзінікі. Ойхой десейші. Құнанбайды – Мұхтар Бақтыгереев, жас Абайды Алтынбек Кенжеков ойнады. Жігіттердің жанып тұрған кезі еді ғой. Мен Дәркембайды ойнадым. Ол кездің ғажабын тіл жетпеген соң тамсанып айта бересің ғой. Шәкенше өнерді сүю, жұмыс істеу деген ғанибет қой. Қай рөлді кімге беретінін тек өзі ғана біледі. Жүрексініп жүрдік. Соның әсері ме екен, кейде батылырақ боламын деп “ұрттап” та қоятынбыз. Оның үстіне бұл Елағаңдар ойнаған Дәркембай ғой. Содан бір күні сахнаға шығатын болдық. Ол күнде жұмыс көп. Шәкен аға шақырды. “Жүр мен сені киіндірейін”, – деді. “Ағатай, өзім киінемін”, – деп басымды алып қаша беремін. “Әй, сен, тоқта аптықпай, сен менің социальный геройымсың ғой. Көп дүние саған байланысты”, – деді. Шынында, ішіндегі ең кедейі менмін. Қалғанының бәрі мықтыны ойнайды. Өзімше иісті сездіргім келмейді, шегіншектей беремін. Сезбеуші ме еді, “ештеңе етпейді” деп қарап тұр. Мақтанғаным емес, әрине, сондай күндерді әлі күнге сағынамын”.

Сол күні мен Аяғанның арқасында бұ кісіден Қаллеки, Елағаңдар туралы ғажайып әңгімелерді естідім. “Жансебілге” түсуінің өзі бір хиқая еді. “Жансебілдегі” Мұқатай бейнесі осынау тағдыры қиын өнер иесіне де оңайға түспегені рас. Бірде ол фильмді түсіру кезінде Аяғанға айқайлап: “Әй, бала, сен менің аяқ-қолымды байлама, бәрін өзім атқарамын. Бұл не көрмеген бас”, – дегенін Аяған қызық көріп айта беретін. Қысқасы, Қасекең мен Аяған өнерде әке мен баладай әдемі ғұмыр кешті. Сол бір эссені кейіннен Аяғанның өзі жақсылап жуып бергені бар.

Аяғанды жұрттың, әріптестерінің қадір тұтатын себебі, онда іштарлық деген болмайтын, ешкімді алаламайтын. Не нәрсеге де өтірік емес, шынайы қуана білетін. Айтатын жерінде айтатын, сөйлейтін жерінде сөйлейтін.

Әдетте, шын өнерпаз уақытпен санасу дегенді білмейді ғой. Бәлкім, кейбіреулердің “осы уақытқа дейін әлі түк шаруа тындырған жоқсың” деген сөзі қамшы болды ма, сол сөздерді шын көңілмен қабылдап, жігерін жаныды ма, әйтеуір, өмірінің соңғы кездерінде әр тақырыпты жиі айтатын. Бәлкім, сондай төтеннен келген ойлар мен сол ойға қосыла кететін сезімінің салмағын жүрек шіркін көтере алмады ма, кім білсін. Бәлкім, бәлкім…

Әрине, Аяған – өзінің бар мүмкіндігін пайдаланбай кеткен азамат. Дейтұрғанмен де, ол туралы үлкен сөздердің айтыла бастауы көңіл өсіреді. Бұл ретте белгілі журналист Талғат Айтбайұлының кезінде “Халық кеңесінде” жарияланған “Алаштың Аяғаны еді” мақаласын атап өту керек. Осы тұрғыдағы дүниелер жалғаса берсе, оның екінші өмірі басталғаны, абыройының асқақтағаны емес пе!?

Екінші өмір демекші, Аяған өмірден озғанда “Егемен Қазақстанда” қоштасу сөзін жазып, былай деген екенбіз:

“Режиссер өлді. Суреткер көз жұмды. Кенеттен… Шын жүйріктердің бәрі осылай өледі. Олардың қазасы қыранның қазасына ұқсас. Қапияда қанаты қайырылды. Муза дегеніңіз – ұстатпайтын көбелектей бір сиқыр. Дарын шіркін мынау аз ғұмырда сол сиқырдың арбауына аз түспейді. Сөйтіп жүріп, ұзақ уақыт іздеген көңіліндегі бір сұлу сәтті тапқандай болғанда, оның бар жүгі, бар қуанышы мен қайғысы жүрекке түседі. Ал жүрек дегенің оған бәлкім шыдайды, бәлкім ара-арасында қу тірліктің де заңымен тайталасып жүріп бір күні жарылады. Режиссер Аяған Шәжімбаев та осылайша өлара шақтың өртіне шалынбай, бой алдырмай, өз жүрегінің отына өзі жанып кетті.

Алғашқы деректі фильмдерінің өзінен-ақ, тай кезінен-ақ, оның тұлпарлығы талассыз көрінді. Өзін-өзі аямайтын, өзге үшін де аянбайтын Аяған қазақ киносының жауынгер жанрында жарқын із қалдырды. “Бәйтерек”, “Алжир”, “Көңіл толқыны”, “Ж. Шанин”, қайсыбірін айтарсың, кеше ғана кіріскен “Құнанбай қажыға” дейін Аяған деректі фильмді қалай жасау керектігіне тамаша мысал боп қалды.

Ана бір жолы ұлттық болмыстан, бекзаттықтан ажырап барамыз деп, қазақ киносының қазіргі беталысы туралы қалам безеп жатқанымызда, соның бәрінің орнын толтырғандай боп “Жансебілің” жарқ ете қалды. Осы бір туындың арқылы сен Шәкең, Абдолла, Сұлтан көкелеріңнің көркемдік кеңістігін, рухани мұратын алға апарушы, солар салған сара соқпақпен келе жатқан суреткерлердің бірі екеніңді дәлелдеп едің.

Сен мінезді едің. Біздің жігіттерге наркескен мінез жетпейді деуші ең. Сол мінезді өзің армандап кеткен “Махамбетте” көрсететініңе сенімді едік.

Сенде бір шөл бар еді. Суреткерлігің ұлттың рухы мен табиғатынан жаралғандай боп, сол ұлттық қайнарлар мен бастаулардың тұнығынан қанып іше алмай, мезгілсіз көз жұмғаның өкінішті. Аз күн ғұмырыңда қанаты шолпы суға қанбайтұғын шағаладай шарқ ұрып, аққу айдыныңа қона алмай, тым алысқа ұшып кеткенің өкінішті.

Еңсені ауыр ой басқан сайын қалам шіркін әдеттегі жорға қалпынан да жаңыла беретіндей, біз саған әлі оралатын боламыз, біз әлі сені сағынатын боламыз, Аяған дос!

…Сен туралы айтылар үлкен сөздер әлі алда”.

Ол “мен режиссермін ғой!” дейтін. Шынында да, ол осы сөзге лайық еді…

Өнер үшін аянбаған, өзін-өзі аямаған Аяған-ай!?

Қали СӘРСЕНБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp