«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘРІН КАДР ШЕШЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімдігінің кезекті отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов алдымен “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының жаңа бас директорын таныстырды.

“Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес, өңіріміздегі белді кәсіпорынның басшысы болып Вадим Шақшақбаев тағайындалды. Жаңа лауазымға дейін ол компанияның басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарған. 1994 жылы жерлесіміз облыстық әкімшілікте еңбек жолын бастап, содан бері әртүрлі басқарушылық лауазымдарда болды. Облыс әкімі оның машина жасау саласындағы тәжірибесі мол екендігін айта отырып, зауыттың алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруда табыс тіледі.

Отырыста кадрлық саясат, жергілікті атқарушы органдардың еңбек және атқарушылық тәртібі туралы облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қанат Сәрсенбаев баяндады. Оның айтуынша, облысымыздың 393 мемлекеттік органында 2792 штаттық орын бар екен. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметтен 159 адам босатылған. Әсіресе, облыстық ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан кетіп қалғандар көп. Қызылжар, Шал ақын сияқты бірқатар аудандарда кадрлардың басқа қызметке ауысулары көбейген. Мұндай жағдайлар бос орындардың 150-ден 247-ге дейін өсуіне әкеліп соқтырған. Сонымен қатар білім мен еңбек өтіліне қойылатын талаптар да бос орындардың көбеюіне себебін тигізуде.

– “Болашақ” бағдарламасымен шетелдерде білім алған 90 солтүстікқазақстандықтың 12-сі ғана облысымызда қызмет етіп жүр, – деді Қанат Сәрсенбаев. – Есіл ауыл шаруашылығы колледжі биыл 24 ветеринар даярлап шығарды, ал аудандардағы бос орындар тізімінде аталмыш мамандық иесінің жетеуі қажет екені көрсетілген. Бұл жергілікті атқарушы органдар білім беру мекемелерімен байланыс орнатпайтындығын көрсетеді.

Бос деп жарияланғалы бір жыл өткен 26 жұмыс орны бар. Бұл жұмыс уақытының 7 пайызының орындалмауына әкеліп, өзге қызметшілерге артық жүктеме болып тиеді, жұмыс сапасын төмендетеді. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзған 39 адам жауапқа тартылған.

– Мемлекеттік органдардың басшылары қарамағындағы қызметшілерді орнында ұстай білуі тиіс. Ауыр жүктемелерді артып қойып, жұмыста уақытынан артық ұстау – кадрлардың тұрақтамауының негізгі себебі. Барлық деңгейдегі әкімдер жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас жасап, өздеріне қажетті жас кадрларды тарта білуі керек. Біліктілігін арттыруға жіберілген мамандар оқуының нәтижесін іс жүзінде көрсетіп, жұмсалған қаражатты ақтауы керек, – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов өз есебінде екі мыңнан артық тұрғыны бар елді мекендерде мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетінін айтты. Бірақ өзіндік бюджеті болатын ауылдық округтердің біразы бұған дайын емес екен. Екі ауылдық округте, атап айтсақ, Ақжар ауданының Талшық, Қызылжар ауданының Архангелька ауылдық округтерінде әкімнің орны бос тұр. Өзге үш ауылдық округте есепшілер болмаса, 46 округте заңгерлер жоқ. Оларсыз жаңа жылдан бастап бөлінетін бюджеттің орындалуы екіталай. Қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі мамандарға бюджетті игеру ісі бойынша облыстық, аудандық деңгейдегі әріптестері әдістемелік көмек көрсетуде.

Өткен он айда “Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс жайында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамадиев баяндады. Есепті кезеңде мемлекет пен тұрғындардың қаражатына салынып, пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің жалпы алаңы 117,4 мың шаршы метрді құраған, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімінен 22 пайызға артық. Есіл және Тимирязев аудандарында тұрғын үйлер былтырғыдан аз салынған. Үстіміздегі жылы инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту және аумақтарын жайландыру істерін қоса алғанда, тұрғын үй құрылысына 8,3 миллиард теңге бөлінген. Оның негізгі бөлігін еліміздің ұлттық қорының қаражаты құрайды. Жыл соңына дейін бұл қаражат толық көлемде игерілетін болады.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы қазіргі уақытта салынып жатқан жалдық және несиелік тұрғын үйлер мен алдағы жылда пайдалануға берілетін баспаналардың әрқайсысына тоқталып өтті. 2018 жылы жергілікті бюджеттің, кәсіпорындар мен тұрғындардың есебінен салынатын 220 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Өңір басшысы қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеевтен “Береке” шағынауданындағы 75 пәтерлік үй тұрғындарының шағымы бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрады. Қала әкімдігінің өкілдері үйді салған мердігерлермен бірге тексерістер жүргізіп, сапасы сын көтермейтін баспананы жөндеу мәселесін қарастырып жатыр екен. Құмар Ақсақалов жүргізіліп жатқан барлық құрылыс нысандарының сапасы бойынша мониторинг жүргізіп, 15 желтоқсанға дейін нәтижесімен таныстыруды тапсырды. Жаңадан салынатын үйлер сыртқы көрінісімен ерекшеленіп тұруы қажеттігін де айтты.

Облыс әкімі аудан орталықтарында көпқабатты үйлерден гөрі, жеке үй секторының құрылысына басымдылық берілуі керек, өйткені, келешекте биік үйлердің күтіп ұсталуы қиындық тудыруы мүмкін екенін атап көрсетті.

Отырыста тұрғындардың баспанамен қамтамасыз етілу жайы да сөз болды. Бүгінде елімізде “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы арқылы баспанаға қол жеткізіп жатқандар қатары қалыңдап келеді. Банктің облыстық филиалының директоры Райхан Әбдірахманованың айтуынша, өңіріміздегі салымшылар саны 30 мыңнан асқан. Бүгінгі таңда тегін баспана тек тұрғындардың әлжуаз тобына ғана берілетінін ескерсек, жұмыс істейтін баспанасы жоқ солтүстікқазақстандықтар мемлекет ұсынатын мүмкіндікті пайдалануы тиіс. Бұған өз тарапынан жұмыс берушілер, мемлекеттік органдардың басшылары да атсалысқаны жөн.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp