Елімізде мемлекеттік мүлікті тиімді қолдану мақсатында оларды бір жерден басқару жүйесінің енгізілгеніне көп уақыт өткен жоқ. Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті брифингте Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жетекшісі Аман Төрегелдин мемлекеттік мүлікті тиімді қолдану және департаменттің биылғы жұмысының қорытындылары туралы әңгіме өрбітті.
Бірқатар елдердің мемлекеттік мүлікті басқару бойынша тиімді ұйымдастырылған құрылымдарының тәжірибелеріне сүйене отырып, біздің елімізде де мемлекеттік меншікті бір жерден басқару жүйесі, яғни Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен оның аумақтық құрылымдары жүзеге асыратын “Бірыңғай баланс ұстаушы” жобасы қолданысқа енді.
– 2014 жылы бұл қанатқақты жоба Ақтөбе облысында жұмыс істей бастады, кейін Қаржы министрлігінің барлық аумақтық құрылымдары қосылды, – деді Аман Төрегелдин. – Бұл жоба Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің балансындағы жылжымайтын мүліктер мен автокөліктерді, мекемелерге қызмет көрсететін штаттан тыс жұмысшылар мен мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ, ғимараттар мен көліктерге кететін шығындарды Мемлекеттік мүліктер комитетінің аумақтық құрылымдарының балансына өткізуді көздейді. Жоба аясында департамент балансына 29 жылжымайтын мүлік пен 22 автокөлік берілді.
Бұл міндеттердің бірыңғай баланс ұстаушыға өткізілуі мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға, штаттағы және штаттан тыс қызметшілердің санын, сондай-ақ, ғимараттар мен көліктерді ұстауға кететін шығындарды қысқарта отырып, мемлекеттік бюджеттің әкімшілік шығындарын реттеуге мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін департамент балансына өткен ғимараттарға күтім жасау бойынша көрсетілетін қызмет түрлері жеке кәсіпкерлердің қолына тапсырылған.
Мемлекеттің меншігін тиімді басқару құралының бірі бос тұрған орындарды жалға беру болып табылады. Қараша айына дейін департамент жалпы алаңы 3,548 мың шаршы метр болатын республикалық меншік нысандарын жалға беру туралы 66 келісімшарт жасаған. Жалға алушылар тарапынан сұраныстың артуы тендер өткізу кезінде ұсынылатын бағалардың көтерілуіне себеп болуда. Департамент жалға беру мерзімін үш жыл деп бекіткен, бұл кәсіпкерге жаңа орында өз істерін дамытуға мүмкіндік береді.
Он ай ішінде кестеге енгізілген 39 мемлекеттік меншік нысаны сатылған. Мемлекеттік мүліктерді сатудың нәтижесінде түскен түсім 6 есе өсіпті. Әсіресе, автокөлік және мемлекеттік органдардың ғимараттары көбірек сатылған. Ал сатып алу құқығынсыз мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша 27 келісімшарт жасалған. Департамент жетекшісінің айтуынша, жобаға сәйкес жүргізілген мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша, 7 миллион теңге үнемделген.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.