Қыс мезгіліндегі өзекті мәселелердің бірі жылыту пештері мен электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қаупінің алдын алу және улы газдан сақтану болып табылады. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары азаматтарды ықтимал қауіп-қатерлерден сақтандыру мақсатында кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.
Жуырда департамент қабырғасында өткен брифинг барысында құтқарушылар осы шаралардың барысы мен облысымызда өртпен күрес жағдайы туралы баяндап берді.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Игорь Балеевтің айтуынша, үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде өңірімізде 627 өрт оқиғасы орын алған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 7 пайызға көп. Өрттің салдарынан 34 адам қаза тауып, 21-і жарақат алған. Материалдық шығын 73 миллион теңгеге бағаланып отыр.
– Жеке тұрғын үй секторы бойынша 461 өрт тіркелді. Келтірілген материалдық шығын 27 миллион теңгеден асты. 220 өрт бойынша жүргізілген сараптамалардың нәтижесі оқыс оқиғалар тұрғындардың пешті пайдалану кезіндегі абайсыздығынан туындағанын көрсетті. Өткен он айда тұрғын үй секторында 29 адам иістен уланды, бұл жағдайлар да тиісті қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болып отыр, – деді Игорь Балеев.
Жылыту маусымы басталған уақыт ішінде улы газдан 6 адам зардап шегіп, олардың біреуі қайтыс болды.
Облыс орталығының өрт жағдайы мен атқарылған алдын алу шаралары туралы Петропавл қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Аслан Ахметжанов баяндап берді. Мамандар өрт оқиғалары көп тіркелетін Береке, Ойқала, Зайсан, “Жас өркен” шағынаудандары мен Жұмысшы, Заречный, Копай кенттеріндегі 8460 тұрғын үйдің иелерімен өрт қауіпсіздігі жөнінде әңгіме жүргізіп, ескерту қағаздарын таратқан. Сонымен қатар 150 мекемеде арнайы лекциялар оқылған. Биыл Петропавлда 202 өрт оқиғасы орын алып, оның салдарынан 7 азамат көз жұмды.
Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Дмитрий Растихиннің сөзіне қарағанда, бұл жердегі өрт жағдайы да көңіл көншітерлік емес, жыл басынан бері қызыл жалын 4 адамның өмірін жалмаған. Ол ауданның бірнеше елді мекендерінде орын алған қайғылы оқиғаларды мысалға келтіре отырып, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамайтындығына өкініш білдірді.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.