Астана қаласында Дүниежүзілік балалар күнін мерекелеу шеңберінде “Балаға мейірімді Қазақстан” атты республикалық балалар форум-фестивалі өтті. Оған біздің өңірден 20 оқушы қатысты. Қатысушыларды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттықтады.
“Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде өскелең ұрпақтың жасампаз азаматтық ұстанымы мен бай рухани құндылығын қалыптастыруды мақсат еткен шараға республикалық және халықаралық интеллектуалды олимпиадалардың және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. “Астана Опера” опера және балет театрының концертімен ашылған шара Оқушылар сарайында өткен экскурсиялар және шеберлік сыныптарымен жалғасты.
Республикада балалар қозғалысын ұйымдастыру және жандандырудағы өзекті мәселелерді талқылауға, оқушылардың шығармашылық, ғылыми, қоғамдық әлеуетін көрсетуге, балалар ұжымының арасында шығармашылық байланысты нығайтуға арналған 13 алаң ұйымдастырылды. Онда шетелдік және отандық сарапшылар “Бала және заң”, “Баланың көзқарасын құрметтеу”, “Бала және отбасы”, тағы басқа мәселелер бойынша пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Біздің өңірден М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің оқушысы Дәния Шәріп “Баланың көзқарасын құрметтеу” алаңына қатысып, өз көзқарасын білдірді. Сарапшылар оның жобасын ерекше қабылдап, болашақта ұсынылған мәселесі шешімін табатынына сенім білдірді.
Оқушылар Астананың көрікті жерлерін, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайын тамашалап, еліміздің тарихи жәдігерлерімен танысып, рухани құндылық көкжиегін кеңейтті. Шараның жабылу салтанатында қатысушылардың Гала-концерті өтті. Онда Тайынша ауданының оқушысы Аружан Сүлейменова Ақтөбе облысынан келген Шариғат Ахметпен қосылып, ән шырқады. Форум-фестивальға қатысушы балаларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Оқушыларымыз мейірімділікке бөленіп, жақсы көңіл-күймен оралды.
Айгүл ЕСЕНҒАЛИЕВА,
қазақ мектеп-гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.