Би өнері жастар арасында кеңінен танымал. Алайда, бұл бағытта кәсіби деңгейге көтерілу үшін ұзақ әрі талмай еңбектену қажет. Бұрнағы күні “Танцы” облыстық шоуының ақтық кезеңінің қатысушылары шеберлік сынына түсті.
Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің қарасы қалың болды. Жаттықтырушылар Станислав Алерт, Диляра Сабырова және Сергей Жамалиев іріктеп, өздеріне жеке команда құрды. Алайда, үміткерлер көп болғандықтан, ұйымдастырушылар жас бишілерден құралған “Балалар” командасын да қатарға қосты. Олар байқауда бақ сынамаса да, сахна төріне көтеріліп, өнерлерін көрсетті.
Ал шеберліктерін ортаға салған үш команда алдымен бірлесіп, кейін жеке өнер көрсетті. Қатысушылардың барлығы жақсы билегенімен, қазылар алқасы мен көрермендер Диляра Сабырованың командасындағы Даниял Қанғожиннің өнерін жоғары бағалады. Сырттан қараған адамға Даниялдың есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушісі екенін аңғару қиын. Себебі, оның әр қимылы музыканың ырғағымен үйлесім тауып, көзқарасынан биге деген құштарлық сезілді. Жеңімпазға 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді, тағы 100 мың теңге ақшаны Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов өз атынан берді. Сонымен қатар ол Мәскеу қаласында өтетін “Танцы” шоуына жолдама алды. Жобаның ең үздік командасы болып Диляра Сабырованың тобы танылса, Станислав Алерт үздік жаттықтырушы атанды. Барлық қатысушылар мен олардың жаттықтырушыларына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.