Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған облыстық дебат турнирі өтті.
“Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі Петропавл қаласындағы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған шарада өңіріміздің білім ошақтарынан 28 команда бақ сынады.
Турнир жастарды логикалық ойлау, шешен сөйлеу қабілетін шыңдап, көзқарастарын ашық айтуға баулыды. Қатысушылар қазақ және орыс лигаларына бөлініп, қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру, жоғары оқу орындарына түсу үшін несие алу, экология, этносаралық келісім сияқты тақырыптарды талқылады. Ұсынылған тезистің реті бойынша қазылар алқасына өз дәлелдерін ұсынды.
Қазылар алқасы Петропавл қаласының дебат қауымдастығы мүшелерінен құралды. Турнирдің қорытындысы бойынша, орыс лигасы командалары арасында бірінші орынды Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдерінен құралған “Левша” құрамасы иеленді. Ал қазақ лигасы командалары арасында Назарбаев Зияткерлік мектебі мен “Білім-инновация” лицейінің оқушыларынан жасақталған “Анықталуда” құрамасы топ жарды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.