2011 жылы “Болашақ” қауымдастығы “Дисней” және “Меломан” компанияларымен бірлесіп, әлемдік кинемотография туындыларын ана тілімізде тамашалауға мүмкіндік беретін жобаны қолға алған болатын. Бұрнағы күні облыс орталығында мемлекеттік тілге аударылған 23-інші картина – “Коконың құпиясы” атты мультфильмнің тұсаукесері өтті.
Фильм сюжеті жан-тәнімен музыкант болғысы келетін 12 жасар Мигель есімді баланың арманына құрылған. Мигель Мексикада аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жалғастыруды армандайды. Ал оның отбасында музыкаға тыйым салынғандықтан, үйдің ішінде бірде-бір нотаның дыбысталмауы қатаң бақыланады. Шытырман оқиғалардың нәтижесінде таңғажайып әрі қорқынышты әлемге тап болған бас кейіпкер түрлі қызықты оқиғаларды бастан өткереді. Бала түрлі құпияларды ашып, жүзжылдық отбасылық жұмбақтың шешімін табуға тиіс.
Тұсаукесерді тамашалауға келген көрермен арасында жастардың қатары қалың болды. “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев мұндай мультфильмдерге жастардың қызығушылығы жоғары екенін айтты. Әрі бұл мемлекеттік тілдің де дамуына әсер етпек.
Мультфильмнің қазақша дубляжының режиссері Шах-Мурат Ордабаев екенін айта кеткен жөн. Бұл – оның “Галактика сақшылары. 2-бөлім” және “Өрмекші адам: үйге оралу” фильмдерінен кейінгі үшінші толық режиссерлік жұмысы. Мультфильмді дубляждауға 35 актер жұмылдырылған.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.