«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУЛЫҚ АВТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өңірімізге мектеп оқулықтарының авторлары мен бағдарламаларын құрастырушылар келді. Олар Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат пен қазақ мектеп-гимназиясында мұғалімдермен кездесіп, семинар-кеңес өткізді.

Республикалық ғылыми-тәжірибелік “Оқулық” орталығының жетекші сарапшысы Әлия Нұрғалиева семинар, негізінен, мұғалімдер, әдіскерлер, білім бөлімдері мен басқарма мамандарына жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшеліктерін дұрыс түсіндіру және оқулық құрылымы мен тұжырымдамасын талдау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты. “Өткен 2017-2018 оқу жылының жаңа мазмұндағы оқулықтары қолданысқа енгізіліп, олармен бүгінгі күні 1, 2, 5 және 7-сыныптар білім алып жатса, 2018-2019 оқу жылдарына арналған 3, 6 және 8-сыныптардың оқулықтары талқылану үстінде. Бұл оқыту бағдарламасын жетілдіруге мүмкіндік береді”, – дейді сарапшы.

Семинардың бірінші кезеңінде жаңартылған мазмұндағы білім беруге көшу себептері мен мүмкіндіктері туралы сөз болса, республикалық ғылыми-тәжірибелік “Оқулық” орталығы және Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық ғылым академиясының алпысқа жуық оқулық авторлары түсінік жұмыстарын жүргізді. Олар мұғалімдер назарын оқулықтың мазмұн стиліне, басқа пәндермен байланысына, дидактикалық және үлестірме материалдар қорына аударды. “Егер бұрынғы оқулықтарда грамматикалық тапсырмаларға, ережемен таныстыруға баса назар аударылып келсе, енді баланың коммуникативтілігі, өз білімі мен дағдысын күнделікті өмірде қолдана алуы алдыңғы орынға қойылған. Баланың тілі арқылы дүниетанымын, бейімділігін, бәсекеге қабілеттілігін, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру керек”, – дейді “Оқулық” орталығының жетекші сарапшысы Әлия Нұрғалиева.

Семинарда барлық пәндер бойынша 17 секция жұмыс істеді. Бұл күні “Оқулық”, “Мектеп”, “Атамұра”, “Арман-ПВ”, “Көкжиек-Горизонт”, “Жазушы”, “Алматы кітап”, “Білім” баспалары өз оқулықтарының тұсаукесерін жасады.

– Бүгін біз оқулықтармен тек танысып, түзететін жерлері туралы ұсыныстар айтамыз. Білім және ғылым министрлігінде оқулықтарға сараптама жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша министрліктің бұйрығымен ұсынылған оқулықтар 1 қыркүйекте 2018-2019 оқу жылының бағдарламасын жүзеге асыру үшін пайдалануға беріледі, – деген облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Валентина Черных оқулықтардың электрондық нұсқалары “okulyk.kz” сайтына орналастырылғанын, оған мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар кіріп танысып, өз пікірін қалдыра алатынын айтты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp