«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕАТР – ТАҒЫЛЫМ ОРТАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Театр адам ойының рухани тұрғыда жетілуіне ықпал ететін бірден-бір орын болып табылады. Ондағы режиссерлер мен актерлер – өмір шындығын көрерменге қойылым арқылы жеткізетін жандар. Олардың жұмысына кім баға береді? Әрине, көрермен. Сахнаға шыққан әртістер солардың көңілінен шығу үшін барын салады. Алайда, залдан бос орынды көргеніңде, қынжыласың. Спектакль тамашалауға, негізінен, қарт адамдар келеді. Ал жастар жағы әлі де аздау. Кейде “Осы жастар қалай тынығады екен?” деген сауал туындайды. Алайда, оның жауабы да белгілі. Олар театрдың жанды қойылымынан кинотеатрдың 3D киносын артық көреді. Батыстың атысшабысқа толы арзанқол кинолары оларға ешбір тәрбие бермесі бесенеден белгілі ғой.

Осындайда өнердің қадірін ойлайсың. Өскелең ұрпағымыз шын өнердің қайсы екенін ажырата алмаса, оның болашағы не болмақ? Ойлантарлық мәселе, солай емес пе?

Театр – нағыз тағылымның ортасы. Техникаға телмірген баланың бойына рухани байлықты сіңдіріп, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын ұрпақ тәрбиелесек, театрдың бағасы ешқашан төмендемейді. Киелі өнердің ордасына бас сұққан бала мәдениетті де үйреніп, өмірді де таниды. Ақ пен қараның ара-жігін ажырата алады. Кейіпкерлерге қарап, керегін алады да, жағымсызынан жанын аулақ ұстайды.

Менің өңіріміздегі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында қызмет етіп жүргеніме он жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында кейіпкерлердің жағымдысын да, жаманын да сомдадым. “Қыз Жібек” операсында – Төлегеннің бейнесін, Түнжер Жүжженоғлының “Тығырық” пьесасында Спандияр рөлін сахнаға алып шықтым. Қарап отырсам, бұлардың екеуі де трагедиялық бейнелер екен. Ал Тахауи Ахтановтың “Күшік күйеу” комедиясындағы мен сомдаған басты кейіпкер Бекболат – комедиялық образ. Актер сан қырлы болуы тиіс. Сондай-ақ, А.Айларовтың “Келісімшарт бойынша қалыңдық” комедиясында басты кейіпкер – Темикконы, Н.Гогольдің “Ревизорында” – Держиморданы, М.Супониннің “Бұртима” ертегісінде – Ойын атаны, Ж.Ерғалиевтің “Жетім тағдырында” – Жазира қыздың әкесін, Г.Хугаевтің “Қара шекпен” спектаклінде – көкжалды, Р.Отарбаевтың “Қасірет” психологиялық драмасында әкені және тағы басқа рөлдерді сомдадым. Бұл образдардан көрермендер сабақ алды деп ойлаймын.

Дулат ТӘШКЕН,

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық

 

қазақ сазды-драма театрының актері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp