Мен – Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылының тумасымын. 2011 жылы Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығы бойынша тамамдадым. Бұдан кейін білімімді жетілдіру үшін Қарағанды экономикалық университетінде екінші мамандық – құқықтануды меңгердім. Адамға білім ешқашан көптік етпейді. 2012 жылы Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп, 2013-2016 жылдар аралығында Жамбыл облысында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқардым. Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ақпараттық-талдау тобының бас маманы болып жұмыс істеймін. Бұл мемлекеттік қызметке конкурс арқылы орналастым.
Үстіміздегі жылдың маусым айында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті “Үздік жас мемлекеттік қызметші” облыстық байқауын ұйымдастырды. Мен қатысуға ниет білдіріп, өзім, қызметім жайлы бейнеролик жасап, аталған департаментке жолдадым. Креативті шыққан туындым комиссия назарынан тыс қалмай, келесі сынаққа сүрінбей өттім. Бұл турдың өзінде бес сынақ бойынша сыналдық. Оның алғашқысында заңнаманы қаншалықты білетіндігіміз тексеріліп, тесттің нәтижесінде қатысушылардың арасында жоғары ұпай жинадым. Екінші сынақ кезінде өлкеміздің көрікті жерлері, ақын-жазушыларына байланысты сұрақтар қойылып, оларға мүдірмей жауап бердім. Бұдан соң әрбірімізге жеке тақырып беріліп, сол бойынша шешендік қабілетімізді көрсеттік. Ал “Үй тапсырмасы” кезеңінде Алаш ұлдары туралы өлең оқыдым. Конкурстың қорытындысы бойынша, білімім өзгелерден басым түсіп, жеңімпаз атандым. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында өткен марапаттау шарасында маған департамент дипломы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Мені шыңдай түскен бұл байқаудағы жеңісімді ұжымның жетістігі деп білемін. Өйткені, маған сенім артқан олар конкурс барысында да қолдап отырды. Осыған дейін ешбір байқауға қатысып көрмеген мен үшін олардың демеп отырғаны маңызды болды. Меніңше, мемлекеттік қызметшілер осылай ынтымақтаса жұмыс істеп, арасындағы бірлік бекем болуы керек. Тек сонда ғана бұл қызметтің беделі өседі, ісі алға басады.
Мемлекеттік қызметтің артықшылықтары өте көп. Ең бастысы, өзіңнің болашағыңа деген сенімділік әрі заңнама саласындағы біліміңді жетілдіресің. Бұл саланың қызметшісі әрдайым алдыңғы қатарда, өзінің іс-әрекетімен үлгі тұтарлық азамат болуы тиіс. Өйткені, біздерге қарап тұрғындардың билікке деген сенімі нығаяды. Сондай-ақ, маманның бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет болғаны абзал. Қоғамдық кеселмен күресте белсенділік танытып, елдің қамын ойлауы тиіс.
Кенжебек ҚОЖАХМЕТОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
ақпараттық-талдау тобының бас маманы.