Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс бабындағы сапармен Қытай Халық Республикасының Хубэй провинциясында болды. Бұл сапар биылғы жылдың тамыз айында өткен аймақтық кеңестің келісімдері аясында ұйымдастырылды. Қытайдың Хубэй провинциясында 61 млн. адам тұрады, аймақ осы елдің экономикасында бесінші орынға және ішкі өңірлік өнім өндіруде жетінші орынға ие. Сондықтан бұл провинция бірлескен жобаларды жүзеге асыруда стратегиялық серіктес бола алады.
Ухань қаласында Құмар Іргебайұлы жергілікті компаниялардың басшыларымен келіссөздер өткізді. Азық-түлік өнімдерін импортқа шығаратын ірі сауда желілерінің басшыларымен де кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге біздің облысымыздың экономикасына инвестиция құюға ниет танытқан Бейжің қаласы мен Шаньдун, Хэнань, Цзянсу, Шэнси провинцияларынан келген кәсіпорындардың өкілдері де қатысты. Келіссөздер барысында Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері сөз болды. Өңір басшысы қытайлық бизнесмендерді бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Қызылжар өңіріне шақырды. Жуық арада Бейжіңде өзара ынтымақтастық мәселелерін шұғыл шешуге арналған біздің облыстың офисі ашылатын болады.
– Біздің өңір бірнеше бағыт бойынша экономикалық ынтымақтастықты ұсына алады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инновация, сауда салаларында жұмыс жасауға болады. Инвестициялық жобаларға мемлекеттің есебінен өндірістік инфрақұрылым тартылады. Әр жобаны жеке-жеке қарастырамыз, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Хубэй провинциясының губернаторы Ван Сяодунмен де кездесті.
– Солтүстік Қазақстан облысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуда үлкен қадам жасап отырмыз. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым құрылысы, машина жасау, қайта өңдеу және туризм бағытында іскерлік ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдете түсеміз. Кәсіпорындар мен бизнес өкілдеріне байланысты нығайту үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді губернатор Ван Сяодун.
– Жақсы дамыған өндірістік базаға, ғылым мен білім әлеуетіне ие Хубэй провинциясы мен табиғи ресурстарға бай әрі дамыған ауыл шаруашылығы бар Солтүстік Қазақстан облысы бір-бірінің экономикасын толықтырып тұр. Бұл ынтымақтастықтың үлкен мүмкіндіктерін көрсетеді. Осы сапар әртүрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға үлкен септігін тигізетін болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Кездесу соңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Хубэй провинциясының халық үкіметі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Шиян қаласында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қала басшысы Занг Вейгуомен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Өңір басшысы содан кейін автомобиль жасаумен және оның саудасымен айналысатын “Dongfeng Motor Corporation” зауытында болды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.