«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЙЛЫҚТЫҢ ҚАЙ ТҮРІН ТАҢДАЙСЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жастардың “Ақша барда уайым жоқ” деп материалдық байлыққа ұмтылып жүріп, рухани мешеу қалып жататыны жасырын емес. Оларға қалтаның қалыңдығы, яғни қымбат көлік мініп, зәулім үйде тұру – жетістік. Ал енді кейбіреулер бұл бос мақтаннан гөрі, кітап оқып, ғылым үйреніп, рухани баюды қалайды. Осы орайда, жас буынның өздері не дейді? Назарларыңызға Мұса Жақсылықов пен Айдана Смағұлованың арасында болған диалогты ұсынамыз.

Мұса Жақсылықов: Нарық заманында барлығы ақшаға келіп тіреледі. Тәннің де, жанның да қалауы сол болып тұр қазір. Адам алдымен асқазанның тоқтығын, көйлегінің көктігін ойлайды ғой. “Базар ақшалыға – базар, ақшасызға – құр назар” демекші, қалтаңда көк тиының болмаса, қажетіңді қанағаттандыра алмайсың. Мұны күнделікті көріп те жүрмін. Жұрт бір айдан екіншісіне жету үшін азғантай ғана еңбекақысын неге жеткізерін білмей қиналады. Осындай күйге тап болмас үшін, әрине, материалдық тұрғыда баюдың жолын іздеу керек. “Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда” деген тағы бар.

Айдана Смағұлова: Тұрмыстың тәуір болғанын әркім-ақ қалайды. Алайда, дүние-мүлікке құнығып, баюдың үстіне байи түсуді ойлайтындар көбейіп барады. Түбінде ондай шылқыған байлар Шықбермес Шығайбай секілді сараң болады. Қазынасы артылып жатса да, мұқтаж жандармен бөлісу дегенді білмейді. Ал “рухани кемелдену”, “мәдениеттілікті арттыру” деген түсініктер олардың түсіне де кіріп шықпайтын шығар. Сол себепті, ондайлардың қатарына қосылмау үшін бар тапқан-таянғаныңды білім игеруге жұмсау керек. Тек сонда ғана ақылың толығып, өмірлік мақсатың айқындалады. Кейін тұрмысың да түзеледі.

Мұса Жақсылықов: Иә, дүниеқоңыздық – адамның ішкі дүниесінің күл-паршасын шығаратын кесел. Дегенмен, байлардың бәрінің қолы тар емес. Кәсіпкерлердің арасында өз қаражатына балабақша, мектеп салдыртып, жетімдерге жебеу болып жүрген мейірімді меценаттар да бар. Олардың қатарынан “Титан-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Гарик Бернецянды айтуға болады. Бұл кәсіпкер 2015 жылы өз қаржысына облыс орталығында 300 орындық “Еркем-ай” балабақшасын салса, биыл қарттар үйіне қажетті коммуникация желілерін тартып берген. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконың өз қалтасынан қаржы шығарып салдыртқан жаңа заманауи дәрігерлік амбулаториясы мен спорт кешені де Новоникольск ауылының тұрғындарына қызмет көрсетуде.

Айдана Смағұлова: Әттең, кей жастардың соларды мақтан тұтпайтыны өкінтеді. Олардың күйттейтіні – тәннің қамы. Яғни, қымбат киім киіп, соңғы үлгідегі телефон ұстап, әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында “Біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп еліре жөнелу. Байдың балаларының есіруі, тіпті, жаман. Әкесінің “темір тұлпарын” ерттеп алып, жан-жағына қарамай жүйтки жөнеледі. Ондайлардың кесірінен мертігіп қалып жатқандар да аз емес. Әрине, оларды бұл да тоқтатпайды. Өйткені, қорған болар “қалталы” әкелері бар ғой. Байлықтың буына мастанған бұлардан өскелең ұрпақ аулақ жүргені абзал. Ондай жандармен жолдас болсаң, ақырында жарға соғыласың.

Мұса Жақсылықов: Рухани баюдың бірден-бір жолы білім игеру дедіңіз. Алайда, жағдай жоқ жерде білім алуға деген құштарлық та болмайды ғой. Мен сізге ақшаның білімнен артық түсетін тұсын айтайын. Мәселен, қаншама жыл оқыған білімің жасың ұлғая келе ұмытылады. Өйткені, ми жас кездегі қалпыңдай тұра бермей, шашқа ақ кірген сайын тоза түседі емес пе? Ал байлықты депозитке салып қойсаң, азаймайды, қайта банктің сыйлықақысы қосылып, көбейе түседі.

Айдана Смағұлова: Білім зая кетпеу үшін оны мақсатты пайдалана білуің керек. Үйренгеніңді өзгеге үйретпесең, оқығаныңнан не пайда?! Сондай-ақ, білімді қағазға жазып, кейінгі ұрпаққа аманаттауыңа болады. Бұл мұра ешқашан тозбайды. Ақша болса, бүгін бар да, ертең жоқ. Мына аумалы-төкпелі заманда оның қадірі кетті әбден. Банктегі қап-қап байлығыңның түбін ертеңдері “девальвация” атты тышқан келіп, тесіп кетсе, не істейсіз?

Мұса Жақсылықов: Менің мәдениет саласында жұмыс істейтін бір жолдасым бар. Еңбекақысын жалдамалы пәтеріне жұмсайды. Ал басқа да қажеттіліктерге ақшаны қайдан алады дейсіз ғой? Әйтеуір, өнер адамы болған соң той жүргізеді. Білмейтіні жоқ, біраз кітап оқыған. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. Міне, рухани дүниесі кедей болмаса да, тұрмыстық жағдайы нашар. Осыдан кейін мәселе ақшада емес деп көріңіз!

Айдана Смағұлова: Абай атамыз өзінің жетінші қара сөзінде: “Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген”, – дейді. Құмарланып қазына жиған қатарластарының жанды тәнге бас ұрғызып алғанына налыған ол артынша: “Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?” – деп ойының тоқетерін айтыпты. Ақынның бұл сөзінің парқын түсінген жастар дұрыс шешім қабылдайтынына сенімдімін.

Дайындаған

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp