Петропавл қаласында облыс аудандарының мәдениет күндерін өткізудегі негізгі мақсат өнерді насихаттап, салт-дәстүрді жаңғырту, бейбітшілік бесігінде тербелген еліміздегі ұлттар достығын паш ету болып табылады. Қызылжар қаласының тұрғындары бұған дейін он екі ауданның мәдениет күндерін тамашалап, рухани азыққа қаныққан болатын. Ауқымды мәдени шараның нүктесін қою ән мен жыр дегенде алдына жан салмайтын Уәлиханов ауданына бұйырды. Ұйымдастырушылар алдымен С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада шара өткізді. Оның аясында “ЭКСПО – 2017” – Қазақстан халқының жемісі” бейнефильмі көрсетілді.
Аудан тұрғындары көрмеден алған әсерлерімен бөлісіп, еліміздің қол жеткізген жетістіктерін мақтаныш етті. Сонымен қатар аталмыш шарада “Туған жерім қандай көркем – шежіреге толы мекен”, “Өшпестей із қалдырған жерлестеріміз”, “Еліне елеулі, халқына қалаулы тұлғалар”, “Қазақ музыкасының өрендері”, “Ақындар ауыл жырын жырлайды” тақырыптарында кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Шараның екінші бөлімі Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде жалғасын тапты. Бұл жерде қонақтар назарына “Болашақты бірге жасаймыз!” атты туған өлкеге арналған көрме ұсынылды. Шараға қатысушылар “Өркені өскен аудан”, “Байрақты өлке саңлақтары”, “Жер байлығы – ел байлығы”, “Ерен елдің ерлері”, “Латын қарпіне көшу – ел қамы үшін жасалған игі қадам” деген тақырыптарды тереңнен қозғайтын қызықты және маңызды мәліметтермен танысуға мүмкіндік алды.
Шараның қорытынды бөлімі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтті. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған Галаконцертке жиналған қауым алдымен “Туған өлкемнің рухани байлығы” атты көрмені тамашалады.
Кештің қонақтары Уәлиханов ауданының Аққұдық негізгі мектебінде отыз бес жыл бойы еңбек және сурет пәндерінің мұғалімі болып қызмет етіп жүрген Бауыржан Төлеубаевтың суреттерін көріп, қызығушылық танытты. Он саусағынан өнер тамған ұстаз – қылқаламның қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алған шебер. Ол сурет салумен ғана айналыспайды, сонымен қатар, ағаштан, темірден түйін түйіп, оқушыларға өнердің бірнеше саласы бойынша бағыт-бағдар беріп жүрген білікті мамандардың бірі болып табылады.
– Атам қазақ “Жігітке жеті өнер де аз” деп тегін айтпаған. Сондықтан да алдыма келген шәкірттерімді тек қана сурет салу емес, өзім меңгерген басқа да өнерді үйретуді ұстаздық парызым деп санаймын. Шығармашылықпен айналысқан кезде адам ойына ерік беріп, тылсым дүниенің неше түрлі ғажайыбына жан бітіреді. Мәселен, күзде оқушыларым орманда жатқан кішкентай ғана ағаштың бір бұтағын алып келді. Бір қарағанда, жай ғана ағаштың бұтағы сияқты. Лақтырып та тастауға болушы еді. Бірақ біз оны ойып, бояп, аяқтарының орнына сымды қолдана отыра, әп-әдемі құстың бейнесін жасадық. Балаларды осындай жолмен еңбекке баулу, бұл да тәрбиенің бір түрі деп ойлаймын. Олар шыдамдылыққа, сабырлыққа, тиянақтылыққа үйренеді, – деді шебер.
Уәлиханов ауданының тұрғыны Мұрат Қанжығалин – отыз жыл бойы зергерлікпен айналысып жүрген маман. Оның қолынан шыққан әдемі сырға, сақина, білезіктері көрмеге ерекше сән беріп, қыз-келіншектердің қызығушылығын туғызды. Ал Сәулеш Идоят көрмеге қыздың жасауын дайындап әкелген. Саналы ғұмырын қыз тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға арнаған ардагер ұстаз – бүгінде жеке кәсібін ашып, ұлттық дәстүрімізді заманауи үлгіде насихаттап жүрген шеберлердің бірі. Сәулеш Идояттың оюмен көмкерілген ұлттық киімдеріне қарап тұрып, шынымен де, шеберлікте шек жоқ екеніне көзің жетеді.
– Бүгінгі кеште түрлі бағытта еңбек етіп жүрген қолөнер шеберлерімен қатар, “Достық”, “Ақжүніс”, “Сударушка”, “Атамекен” деп аталатын этномәдени орталықтардың мүшелері де өз туындыларын келушілер назарына ұсынып отыр. Жалпы алғанда көрмеге – елу, ал концерттік бағдарламаға 160-тан астам өнер иесі қатысты. Мақсатымыз – түрлі этностар арасындағы татулықты, бірлікті насихаттау және ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, – деді Уәлиханов ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлия Азманова.
Жиналған жұрт көрмені аралап болған соң, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Жырлаймын сені, туған жер!” деп аталған концертті тамашалады. Жазира даланың төсінде орын тепкен Уәлиханов ауданында кіндік қаны тамған, киелі топырақтан өсіп-өнген, тарих сахнасында ойып тұрып орын алған, халқына еңбек етіп отырған асылдар аз емес. Олардың ішінде филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, медицина ғылымының докторы Серік Тоқпанов, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынбек Мәліков, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов сынды азаматтар бар. Осындай білімді, білікті ел ағаларының есімін ерекше атап өткен жүргізушілер мерекелік кешке облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, 2002-2006 жылдары Уәлиханов ауданының әкімі лауазымын атқарған ауданның құрметті азаматы Есенгелді Кәрібаев, 2013-2017 жылдары ауданға басшылық еткен Аман Төрегелдиннің қатысып отырғанын жеткізді.
Концерттік бағдарлама театрландырылған көрініспен басталды. Киелі сахнада актерлер Уәлиханов ауданынан шыққан Ақан серінің мұрагері, қазақ прозасының Құлагері, елінің, ұлтының рухын қорғау жолындағы үлкен ойларын айта алған қаламгер, халқының ардақты ұлы Сәкен Жүнісовтің және небәрі жиырма жасында ұлт жастарының көшбасшысы атанған, Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың образын сомдады. Сонымен қатар Абайдың ақындық мұрасын баспа бетінде алғашқылардың бірі болып жариялап, оған “жаһұт қазақ әдебиеті” деп баға беріп, түркі әлеміне алғаш таныстырушылардың бірі болған – Зейнелғабиден Әміреұлының аталмыш ауданның Саға атты ауылында өмірге келгені айтылды. Тарихқа терең бойлаған актерлер жастайынан қос жанарынан айырылған ауданның тумасы Шөже Қаржаубайұлының образын шебер сомдап, өнер иесі ақындық пен қатар әншілік, композиторлықты да тең игергенін және “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының толық нұсқасы Шөженің айтуымен таралғаны жайында мәліметпен бөлісті.
Қазақтың атақты күрес майталманы, КСРО-ның құрметті спорт шебері, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ахметжан Қазымбетовтың өмірі де өнеге. Ол жайында да тың мәліметтер айтылды. Әр саланың дамуына сүбелі үлес қосқан аталмыш азаматтар ауданның ғана емес, облысымыздың да мақтанышы екені сөзсіз.
Өнер мектебінің ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазының “Саранжап” күйін орындап, көрерменнің көңілін бір көтеріп тастады. Қазақ тілін жетік меңгерген, облыстық байқаулардың лауреаты Ирина Шевченконың орындауындағы “Әгугәй” әнін тыңдармандар бірге қосылып айтып, жас дарынның талантына тәнті болды.
Дәстүрлі әнші Қажыбай Жахин “Балқадиша”, “Гәкку” әндерін орындағанда, жұрт тамсана тыңдады. Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары Мират Жұмағұл мен Әділ Жанайдың күй тартысына сүйсінбеген адам болмады. Домбыраның құлағында ойнай білетін бозбалалар көпшіліктің көңілінен шықты.
“Кәусар” триосының орындауындағы “Цвети земля” әні де тыңдармандардың жүрегінен орын алды. Өнер мектебінің хореографы Хуанған Иманхан жетекшілік ететін “Қарлығаш” би тобы “Лаула – 2017” халықаралық байқауының лауреаты атанған екен. Жас дарындар “Қара жорға“ биін асқан шеберлікпен орындап, үлкеннің де, кішінің де ілтипатына бөленді.
– Мерекелік концерт көңілімізден шықты. Домбырамен құйқылжыта айтқан әндер мен шебер орындалған күйлердің барлығы тамаша. Ұйымдастырушылардың концертке үлкен жауапкершілікпен дайындалғаны көрініп-ақ тұр, – деді қала тұрғыны Зияда Сыздыққызы.
Екі сағатқа созылған концертте ән мен күй төгіліп, қалың қауым рухани азық алып, бір серпіліп қалды. Концерттің соңында аудандық көркемөнерпаздар ұжымына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.