Ауылдың негізгі күнкөрісі мал және егін шаруашылығы екені ежелден белгілі. Маңдай терді төгіп жұмыс істесең ғана, ризық-несібеңді аласың. Жерден ырыс тауып, мал шаруашылығынан құт көрген жерлестеріміздің ел игілігіне елеулі үлес қосып отырғаны көңіл қуантады. Жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай, таң атқаннан кешке дейін тынымсыз еңбек етіп жүрген жанның бірі – Қанат Бекенов.
“Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз” демекші, ауыл десе, бүйрегіміз бұрып тұратын біздер ондағы жақсы тыныс-тіршілікке, азаматтардың қолға алған ілкімді істеріне балаша қуанамыз. Өйткені, ауыл десе, еміренбейтін қазақ жоқ. Ондағы тіршіліктің оты өшпесе, біздің де көңіліміз жай табатыны анық. Жер өңдеп, мал өсіруді мақсат тұтқан Мамлют ауданына қарасты Афонькино ауылында тұратын Қанат Бекеновтің елге сіңірген еңбегі аз емес. Қалың елдің қамын ойлаған Қанаттай азаматты айтпас бұрын, әуелі серіктестіктің жұмысына тоқталғанымыз жөн болар.
“Стан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Афонькино ауылында 2011 жылы егін егіп, екі жылдан соң мал шаруашылығын өркендетуді қолға алды. Бүгінде егістік жер 5800 гектарды құрайды. Оның үш мыңға жуығына бидай себіледі. Дәнді дақылдардың ішінде арпа, сұлы, зығыр, бұршақ егіледі. Биылдан бастап күнбағыс өсіруді қолға алды. Ала жаздай атар таңмен, батар күнмен таласып, қырда еңбек еткен диқандардың еңбегінің жемісі күздік жиынтерінде белгілі болады. Мол өнім жинаған серіктестік үшін биыл – жемісті жыл. Гектарынан 19 центнерден өнім алып, несібесі артқан еңбеккерлердің көңілі тоқ. Әрине, мұндай көрсеткішке қол еңбегімен қатар, машина-трактор паркіндегі заманауи техникалардың да қосар үлесі зор. Қазіргі таңда меншіктерінде 100-ге жуық техника бар. Оның сексен пайызы жаңартылған. Биылдың өзінде 94 миллион теңгеге бірнеше ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды.
– Еліміздің дамуына өзіміздің үлесімізді қосу мақсатында қолымыздан келгенше тұрғындарды жұмыспен қамтуға тырысып жатырмыз. Құдайға шүкір, қазір серіктестік тың серпіліспен жұмыс істеуде. Жағдайымыз да жақсарып келеді. Ауылымызды гүлдендіру үшін барлық жағдайды жасауға міндеттіміз. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарса, одан артық не керек. Сондықтан мүмкіндік болса алдағы уақытта еңбекақыны көтеру ойда бар, – деді Қанат Жаңабайұлы.
Бүгінде серіктестікте 49 адам еңбек етсе, орташа еңбекақы 90 мың теңгені құрайды. Еңбекақы демекші, күзгі жиын-терін кезеңінде механизаторлар бір миллионға жуық табыс тапқанын да ерекше атап өткен жөн. Бұл – еселі еңбектің, маңдай тердің жемісі. Мұнда Амантай Сүлейменов, Виталий Сорока, Сергей Черных сияқты білікті механизаторлар еңбек етеді. Жігерлі жігіттердің арқасында күзгі науқан уақтылы аяқталды. Қамбаға алты мың тоннаға жуық астық құйылса, 1500 гектарға тыңайтқыш сіңірілді. Осы орайда, білікті басшы ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне Үкімет тарапынан үлкен көмек көрсетілетінін де тілге тиек етті. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіліп, демеуқаржы уақытында берілді.
Келесі бағыт – мал шаруашылығын дамыту. Осыдан төрт жыл бұрын “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 16 миллион теңгеге 90 бас қара мал сатып алынды. Басым бөлігі жергілікті болса, бұқалар ангус тұқымды. Алғашқыда 120 бас қара мал өсірсе, қазір оның саны 375-ке жетті. Етті мал шаруашылығын дамытуды көздеген шаруашылықта тұқым жаңартылуда. 2023 жылға қарай таза ангус тұқымды қара малдың саны еселеп артпақ. Ауылдан жеті шақырым жерде орналасқан төрт мал қорасында жылдық жемшөп қоры жеткілікті. Алдағы уақытта сүт өндіріп, жылқы өсіру жоспарда бар. Оған, әрине, уақыт пен қаражат керек. Қанат Жаңабайұлы сүт өндіру алдағы күннің еншісіндегі мәселе екенін айтты. Атқарар шаруа, орындалар жоспар көп. Соның бірі – кеңсе мен асхана ашу. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бос тұрған ғимарат қалпына келтіріліп, пайдалануға берілмек.
Серіктестік директорының пайым-парасаты жоғары азамат екенін аңғардық. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып, тұрғындарға көмек көрсетуді әсте естен шығармайды. Әсіресе, қарттарға, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі көмек көрсетіледі. Афонькино орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардың балалары серіктестіктің қаржылай қолдауымен тегін тамақтанады. Аталмыш білім ошағының жөндеу жұмыстары да шаруашылықтың мойнында. Айтулы іс-шараларға баруда оқу ордасын көлікпен қамтамасыз етіп, “Мектепке жол” акциясына жыл сайын қатысады. Мәселен, биылғы жылдың он айында “Стан” ЖШС мектепке 500 мың теңге бөліп, қаржылай көмек көрсетсе, жақында пандус салды. Жалпы биыл олар ауылға екі жарым миллион теңге жұмсады.
Становое ауылдық округіне қарасты Афонькинода бүгінде 597 тұрғын бар. Кең алқапты, жазық далада орналасқан ауыл Ресеймен шекаралас. Мұнда орыс, неміс, татар, украин, белорус, башқұрт, чуваш, әзірбайжан сияқты этнос өкілдері жергілікті тұрғындармен бірге бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүруде. Бірнеше дүкен, кітапхана, Мәдениет үйі, фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Ауыл ортасында бой көтерген жаңа үйлер қызу тіршіліктің барын айғақтап тұрғандай. Тұрғындардың айтуынша, көшіп келуге ынталы адам көп, бірақ ауылда бос үй табу мұң. Ал аталмыш шаруашылық жұмыс істеуге ынталы кез келген адамға қол ұшын беруге дайын. Қарияларды арзандатылған жемшөппен қамтамасыз етсе, қыста күніне 40 шақырым жолды тазалайды. Ауылды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында осы жылы құбыр тартылды. Өзге кәсіпкерлермен бірігіп, сауапты іске атсалысқан “Стан” ЖШС бір миллион теңгеге жуық қаржыны аударды. Бүгінде таза ауызсумен қамтамасыз етілген тұрғындардың қуаныштарында шек жоқ. Сондықтан олар елден қамқорлығын аямайтын осындай абзал азаматтың өнегелі ісіне ризашылықтарын білдіруде. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Бақыт Дәрібаев Қанат Бекеновтің қолға алған ісін аяқсыз қалдырмайтынын, менмендікті білмейтін еңбек торысының нақ өзі екенін айтты. Механизаторлықтан бастап, директорлық қызметке дейін көтерілген Қанаттың адамгершілік асыл қасиеті өзгелерге үлгі боларлықтай. Еңбекпен біте қайнап жетілген азамат үшін 1 желтоқсан – ерекше күн.
– Мен үшін Тұңғыш Президент күнінің алар орны ерекше. 1 желтоқсан күні қос бірдей мерекені атап өтемін. Бұл күні мен дүниеге келген екенмін. Жалпы еліміздің өркендеуіне үлес қосып отырған Елбасымыздың әрбір ісі үлгі-өнегеге толы екенін айтқым келеді. Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында еліміз тыныш, жұртымыз аман. Біз бақытты халықпыз, – дей келе ол өткен күндерді еске алды.
Оның айтуынша, жұмыс істеуге ынталы жандарға біздің елімізде барлық мүмкіндіктің жасалуы – Елбасының сарабдал саясатының арқасы.
Еңбегімен биік беделге ие болған абыройлы азаматты ауылдастары да ерекше құрметтейді. Жастардың елде жұмыс істегенін қалайтын білікті басшы, оларға әрқашан қолдау білдіреді. Осы азаматтың арқасында бірқатар жастар арнайы оқу курсынан өтіп, жүргізуші мамандығын игерді.
Еліне еңбегі сіңген осындай арда ұлдар біздің өңірде, Құдайға шүкір, баршылық. Кездескен қиындықтарға қарамай, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда талмай еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің ішінде айыртаулық Сейілбек Махметов, аққайыңдық Біржан Шаймерденов, мамлюттік Еркебұлан Мәмбетов, қызылжарлық Сермұхамет Ахмудиновтің есімін ерекше атап өткен жөн. Есімдері аталмаған азаматтар қаншама? Бәрі де халықтың игілігі үшін еңбектеніп, қолдарынан келгенше көмек беруде. Бірі ауылдағы әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысса, енді бірі – халықты тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуде. Мұның өзі ауылдағы ағайынға үлкен көмек.
Еселі еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Оған Қанат Бекеновтің облыс, республикадан алған марапаттары дәлел. Бәрінен де оған халықтың берген бағасы салмақты. Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз – 2016” республикалық байқауында “Стан” ЖШС орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы “Үздік ұжымдық шарт” аталымы бойынша күміс жүлдегер атанып, ел мерейін асырды. Еңбектің қадірін білетін азамат ел игілігі жолында әлі талай шаруа тындырары анық.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) С.Черных, (ортада) Қ.Бекенов пен Е. Акимов.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Мамлют ауданы.