Менің алтын бесігім – Есіл ауданындағы Мектеп деген ауыл. Ауыл дегенде алыстағы аңсарымның әр үйі, көшесі санамда жаңғырып, асыр салып ойнаған кездерім есіме түседі. Анамның ыстық шайы, сары қаймағы, еркелеп аққан Есілдің жағалауы балалық шақтың ең тәтті кезеңдері іспетті. Ауылдың бар баласы жиналып, Есіл өзенінен балық аулаушы едік. Балалық шағымның бақытты және оның ауылда өткеніне қуаныштымын.
Қазіргі таңда ата-анам сол ауылда тұрады. Демалыс алған кезде отбасыммен ауылға барып, туған жерімнің топырағына аунап-қунап қайтамын. Ауыл – қазақтың алтын бесiгi, атақонысы, қасиеттi қарашаңырағы. Қарашаңыраққа ат-басын бұрмай кету – қазақ баласына жат қылық. Осы орайда балаларымды да ата-бабасы жатқан, ата-әжесі қоныс тепкен, әкесі ержеткен Мектеп ауылына әкеліп, туған жермен байланысын нығайту менің бір парызым екені сөзсіз.
“Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш” деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. “Алаш азаматы” деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді. Алғаш топ болуды ойластырғанда-ақ жерге, руға бөлінбей, “Бір атаның емес, барша Алаштың ұлы болайық” деген мақсат қойдық. Алаш идеясы – ұлттың идеологиясы болса, “Алашұлы” этно-тобының әні – ұлттық әуенге айналуы тиіс еді. Біз сол мақсатқа жету жолында тынбай еңбек етіп жүрміз. “Батырлар ұраны”, “Гиккәй”, “Угәй”, “Елім менің аңсаған”, “Жүрегім қазақ”, “Бізде бәрі қазақша”, “Тұраным”, “Пай-пай”, “Махамбеттің жыры” және тағы да басқа әндеріміз қазақ жерін түгел шарлап, жүректерге жетіп, рухтандыра білген ұлы күшке ие.
Өткен жылы туған жерім – Қызылжар өңіріне келіп, өнер көрсеттік. Бірқатар аудандарды аралағаннан кейін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында концерт бердік. Туған жерге келіп, өнер көрсетудің жауапкершілігі зор, үміттерін, сенімдерін ақтағың келеді. Десек те, “Біздің жақтың баласы” деген жерлестерімнің қолдауының арқасында бұл қорқынышты жеңдім десек болады. Қызылжарлықтар біздің топтың өнерін жоғары бағалап, құрмет-қошеметін аямады. Алдағы уақытта да, рухты әндерге шөліркеген туған жеріме келіп, концерт берерім анық.
Бүгінде қазақ халқы тамыры тереңде жатқан ұлттық құндылығынан нәр алып, әлемге сол арқылы танылуға тырысып жатыр. Өз халқын, оның мәдениеті мен дәстүрлерін мақтан тұтатын әр адам бойындағы ұлттық рухты түлетуді шыққан тегін, туған жерін зерттеуден бастайды. Ал туған жерге ұмтылыс – қазақ халқын ұйыстыратын сезім.
Әзімбек БАЙЛИН,
“Алашұлы” тобының мүшесі.