Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Айыртау топырағы – қазақтың ән әлемінде шоқжұлдыздай жарқыраған, дарқан даланы домбыраның үнімен тербеткен Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сияқты толағай тұлғалардың мекені. Ұлттық музыка өнерінде айшықты қолтаңбаларын қалдырған небір сайыпқырандардың туған жерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Оған жақында іссапармен Айыртауға барғанымызда аудан әкімі Ағзам Тастеміровпен әңгімелесу барысында анық көз жеткіздік.
– Ағзам Ахметжанұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттігін айта келіп: “Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Сонымен қатар астық өнімдері бойынша біз Еуразияда “нан кәрзеңкесі” болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз”, – деп атап көрсеткен болатын. Табиғаты таңғажайып, топырағы құнарлы Айыртау ауданында ауыл шаруашылығы саласы қалай дамып келеді?
– Еліміздің жарқын болашағын, кемел келешегін ойлайтын Президентіміз аграрлық сектордың қарышты дамуына баса назар аударып отыр. Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен біздің ауданымызда болғанда осы мәселені алға тартып, ауыл шаруашылығын заман талабына сай өркендетуді тапсырғанды. Соңғы жылдары әлемдік рыноктарда ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс тұрақты өсуде. Осы сұранысты қанағаттандыруға облысымыздың, соның ішінде Айыртау ауданының мол мүмкіндігі бар. Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта қолданыстағы жердің тиімділігін арттыру, яғни егіс алқабының әртараптандырылуы жалғастырылмақ. Биыл ауданымызда майлы және бұршақты дақылдардың егіс аумағы ұлғайтылды. Соның нәтижесінде қамбаға мол өнім құйылды.
Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өнiмiнiң жалпы көлемi 6,4 млрд. теңгенi құрады. Майлы дақылдар алқабы – 20 мың гектарға, жасымық – 13 мың гектарға, жемазық алқабы 1700 гектарға ұлғайды. Ауыспалы егiстің көлемі 77,8 пайызға жетті. Биыл 54 мың гектарға минералды тыңайтқыш сiңiрiлдi. Үстіміздегі жылы сүт пен еттiң сатып алу бағасының өсуіне байланысты мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалды. Биыл 400 басқа арналған сүт кешенi, 100 басқа арналған мал фермасы, 400 басқа арналған репродукторлы шаруашылық құрылды. Ауданымызға қарасты үш ауылда сүт сату-сатып алу жұмыстарымен айналысатын өндiрiстiк кооператив жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың да әлеуметтік жағдайының жақсаруына жол ашуда.
– Айыртаудың бай шаруашылық ресурсы ауданының инвестициялық тартымдылығына да әсер ететіні сөзсіз.
– Әлбетте, алтын көмбенің үстінде отырып, оның игілігін көре алмасаң, байлықты игере алмасаң не пайда болмақ. Аудандағы қалыптасып келе жатқан жақсы инвестициялық ахуал да көңіл сүйсіндіреді. Соңғы үш жылда инвестиция салуға қауқарлы “КазЗерноПродукт”, “Туркан”, “АйыртауГруп” сияқты сегіз компания тартылды. Соның нәтижесінде биыл негізгі капиталға 6 млрд. 472 млн. теңге қаражат құйылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артық. Осының арқасында екі элеваторды, шұжық цехын, төрт сауда-ойын орталығын, екі мейрамхананы, ағаш өңдеу цехын, үш газ құю бекетін, көкөніс сақтау орнын және жылыжай кешенін, балық пен ет өнімдерін өндіру цехын, жеміс-жидек бағын, сауда орталығын, жиһаз жинау цехын ашуды жоспарлап отырмыз.
– Елбасымыз Жолдауда логистикалық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, транзиттік жүк тасымалдауды көбейтуге, көлік дәлізін құру және жаңартуға, көліктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Айыртау ауданы географиялық жағынан тиімді орналасқан ғой. Аудан арқылы темір жол, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар өтеді. Экономиканың күретамыры саналатын жол жөндеу мәселесі қалай шешілуде?
– Қазіргі уақытта аудандық маңыздағы жолдарға көп көңіл бөлініп отыр. Үстіміздегі жылы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына 1 млрд. 469 миллион теңге қаржы бөлінді. Бес елді мекендегі жалпы көлемі он екі шақырымды құрайтын ауылішілік жол жөнделді. Оған 54 млн. теңге қаражат жұмсалды. Ауызсу мәселесі де жолға қойылған. Жақын арада он тоғыз ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Ауылдарды абаттандыру жұмыстарына соңғы төрт жылда аудандық бюджеттен 349 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржыға Арықбалық ауылындағы саябақ пен сегіз ауылдағы орталық алаң жөндеуден өтті. Соңғы төрт жылда осы бағытқа 5,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Ауданымызда жол жөндеумен қатар, құрылыс саласы да дамып келеді.
Елімізде кең етек алған урбанизация үдерісінің салдарынан құрылыс саласын дамыту қажеттілігі артты. Елбасының тапсырмасы бойынша, 1,5 миллион отбасын алдағы 15 жылда тұрғын үймен қамтуға арналған “Нұрлы жол” бағдарламасын іске асыру басталды. Былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында шағын отбасылық жатақхана қайта жөндеуден өтті. Сексен пәтерлік тұрғын үйді жаңарту жұмысы басталып, бүгінде бөлінген қаржының 35 млн. теңгесі игерілді.
– Бүгінде құрылыс саласына қажетті материалдарды өзімізде өндіруге талпыныстар жасалып отыр ғой…
– Дұрыс айтасыз. Құрылыс саласын дамытуда қажет материалдардың өзімізде өндірілуі аса маңызды. “ГК Мост” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газ-бетон блоктар, “Гурбанов” жеке кәсіпкерлігі тротуарлық плиткалар, поребриктер мен құмдыблоктар, “Заруцкая” жеке кәсіпкерлігі темір-бетон өнімдерін, “Машкин” жеке кәсіпкерлігі ағаштан жасалған құрылыс материалдарын, “Ғасыр-Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күлблоктар шығарады.
– Айыртау ауданын ауызға алғанда ойымызға, ең алдымен, туризм саласы түседі. Демалыс пен туризмге қолайлы ауданда бұл бағытта атқарылуға тиіс шаруалардың шаш етектен екендігінен де хабардармыз.
– Айыртаудың әсем табиғаты мен көрікті жерлері кез келген өңірден келген туристерді өзіне баурап алды. Ауданымызда соңғы төрт жылда сегіз туристік нысан ашылды. Қазіргі уақытта отыз жеті нысан шеттен келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуде. Биылдың өзінде ауданымызға отыз мың турист келіп, қасиетті өлкенің таза ауасымен тыныстап, таңғажайып табиғатын тамашалап қайтты. Биыл туризмді дамыту үшін аумағы 51,1 гектар болатын жеті жер телімі қарастырылып отыр. 2017-2018 жылдары он төрт жоба, атап айтқанда, алты демалыс орны, екі тұрғын үй кешені, екі мейманхана мен балықшылар үйі салынатын болады. Биыл жаз айында бой көтерген алпыс палаталық қалашықта өңіріміздің өзге аудандарынан келген азаматтар демалды.
Ауданымыздың көрікті жерлері мен тарихи орындарын аралауды хош көрген туристердің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Оның бір себебі, демалыс орындарында қосымша қызмет түрлері енгізілгеніне қарамастан, демалу құнын қолжетімді ету ойластырылған. “Солнечное ВИП”, “Жемчужина”, “Гринпарк”, “Гринвуд” демалыс орындарына сұраныс көп. Келер жылы туристерге арналған этноауыл жайғастырылатын болады.
– Әңгімеміздің ауанын Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында айтылған бірқатар тапсырмаларға бұрсақ. Мемлекет басшысы “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынды ғой. Осыған орай, басқа аймаққа көшіп кетсе де, өз туған жерлерін ұмытпай, қолдау көрсетіп жүрген адамдардың қатары көбеюде. Өзіңіз сүйіншілей жеткізіп отырған жағымды жаңалықтардың сәтті жүзеге асырылуына Айыртудан шыққан азаматтардың да үлесі болған шығар…
– Біздің халқымыз қашанда рухани байлықты пір тұтып, оған жүгінген ел ғой. Менің ойымша, Елбасымыздың мақаласы – болашақ ұрпақтың ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен саналы сезімін қалыптастыруда, “Мәңгілік Ел” құрудың алғышарты ретінде қарастыруға шақыратын іргелі бағдарлама. Бағдарлама аясында ауданымызда “Тәрбие және білім” жоба қабылданды. Туған жердің киелі орындарын білуге, қастерлеуге бағытталған жобаға, негізінен, оқушылар мен мұғалімдер қатыстырылды. Осының аясында білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстары жүргізілді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән берілді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандар қалпына келтірілді.
Өздері туған ауылдардағы білім ордаларына қаржылай көмек қолын созып жатқан азаматтардың да шоғыры қалың. Мәселен, Алматыдағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жетекшісі А.Байгенжин аудандық орталық ауруханаға заманауи құрылғылар сыйға тартты. Кәсіпкер И.Күзахметов өз қаражатына Имантау ауылындағы бірқатар бос ғимараттарды қалпына келтіруге жәрдемдесті. Осы сияқты жанашыр, елжанды азаматтардың өрелі істері жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне дұрыс бағыт сілтейді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауданымызда елдің игілігі жолында атқарылып жатқан шаруалар орасан.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.