Алдымыздағы жылға белгіленген Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы Петропавл қаласында өтеді. Еліміздің солтүстік қақпасы саналатын қаламызға жүздеген қонақ ат басын тірейді. Қала төрі екі елдің, бірнеше өңірдің сұхбат алаңына айналмақ.
Бұл елеулі оқиғаға даярлық жұмыстары бойынша облысымызда кешенді шаралар жоспары жасалып, қалалық әкімдікте арнайы топ құрылды.
Соңғы жылдары Петропавл бағытындағы басты жолдардың жағдайы жақсарып келеді. Астана – Петропавл тасжолы бірнеше жыл ішінде күрделі жөндеуден өткізілді. Көкшетаудан Петропавлға дейінгі 189 шақырым жолдың жөндеуі былтыр аяқталды. Енді Петропавл – Қорған бағытындағы тасжол жөнделмек. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар жолдардың да ретке келтіріле бастағаны мәлім.
Форум меймандарының әуе және автокөлік жолдары арқылы облыс орталығының оңтүстік бағытынан келетінін ескере отырып, қаланың кіреберісін көріктендіруге ерекше мән бермекпіз. Алдағы жылы көпірді жөндеу толығымен аяқталады. Жаңа көпірдің бұрынғысынан өзгешелігі көп болмақ, темірден соғылған өрнекті қоршаулар, диодты жарық шамдары мен мырышталған тіректер жаңартылған автокөлік көпірінің негізгі белгілеріне айналады. Айналма жолдың ортасында Қожаберген жырау ескерткіші орнатылатындығы да көпшілікке мәлім.
“Жас өркен” шағынауданындағы қарқынды құрылыс көрінісімен жалғасатын болады. Биыл бұл ауданда 270-тен астам жер үй сүріліп, олардың орындарында құрылыс басталып кетті. Мұнда салынатын баспаналар әдеттегі үйлердей емес, ең төмені 9 қабаттан тұратын болады. Мәселен, “Казградстрой” ЖШС-і 192 пәтерлі 16 қабатты, ал “Көкшетау жанармай базасы” ЖШС-і 312 пәтерлі 9 қабатты үй, “Основание” ЖШС-і 332 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үйді салады. Олардың құрылысы 2018 және 2019 жылдардың соңында аяқталуы тиіс.
Бұлардан басқа бұл шағынауданда әмбебап теннис орталығы салынып жатыр. Прокуратура мен театр ғимараттарының да құрылыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 252 пәтерлі 9 қабатты, 324 пәтерлі 18 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жоспарлануда. Ал 144 пәтерлі 9 қабатты үйдің құрылысы осы жылдың соңында басталмақ.
Петропавлдықтар үшін Оқушылар сарайының ашылатындығы да жақсы жаңалық болды. Осы нысан мен тағы бір 18 қабатты тұрғын үй қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен жүргізілмек.
Қалаға кіреберіс – Жамбыл көшесі кеңейтілуімен де ажарлана түспек. Алты жолақты жол ең биік үйлер орналасатын көшедегі қозғалыстың қиындауына жол бермейді деп сенеміз. Айта кету керек, биыл Үкіметтің резервтік қорынан бөлінген қаражат есебінен 18 көшенің 30 шақырым жолы жөнделді. Бұған 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Келесі жылы Жамбыл, Интернационал, Ғ.Мүсірепов, Горький көшелерінің де жолдары орташа жөндеуден өткізілмек.
Биыл, сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен қала көшелерінің 16,6 шақырымы қайта жарықтандырыла бастады. Ескірген темір-бетон құрылғылар заманға сай мырышталған тіректерге ауыстырылып, энергия үнемдеуші диодты жарық шамдары орнатылды, 15 шақырым жерасты кабелі тартылды. Аталған жұмыс ауқымын кеңейту үшін қалалық бюджеттен 15 миллион теңге қарастырылып отыр.
Жамбыл, Брусиловский, К.Сүтішев, С.Мұқанов көшелерінің бойындағы сегіз ғимараттың сырты безендіріліп жарықтандырылды. Осындай өзгерістер әлі де бірнеше үйді күтіп тұр. Бюджеттен тыс қаражатқа елуден астам ғимараттың сыртқы қабырғалары боялды.
Форум қарсаңында темір жол вокзалының алаңы да жөндеуден өткізілмек. Қазір мемлекет қажетіне жарайтын жерлерді алу мәселесі шешіліп жатыр. Жоспарға сәйкес алаңдағы такси тұрақтарының орны белгіленіп, көлік қозғалысының бағдары оңтайландырылмақ.
Шаһарды көгалдандыру бойынша биылғы жылы көп іс атқарылды. Көше жолдары бойына 830 қарағай отырғызылды. Бүгінде төрт шағын саябақтың сызба нұсқалары жасалу үстінде.
Бүгінгі таңда облыс орталығының қонақтарына жалпы 615 нөмірі бар 21 қонақүй қызмет көрсетеді. Солардың ішіндегі “Скиф”, “Қызыл Жар”, “Алтын Адам”, “Green Which”, “Hampton by Hilton” сияқты таңдаулы мейманханалар форум қонақтарын қабылдайды деп күтілуде.
Ержан ҚАСЕНТАЕВ,
Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.