«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОМАРТ ЖҮРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ жері елім деп еміренген жомарт жандарға бай. Қажет болса, туған ауылына балабақша салдырып, мешіт тұрғызып, қаржылай көмегін көрсетіп жататын жанашыр азаматтар біздің өңірде де баршылық. Осындай туған топырағының тамырына қан жүгіртіп, көркейіп-гүлденуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың қатарында Уәлиханов ауданындағы Көбенсай ауылының тумасы Виктор Вовкты да атауға болады.

Кезінде “Степное” кеңшары болып дүркіреген бұл ауыл тоқсаныншы жылдарда реңі қашып, болашағы бұлыңғыр бола бастаған. 1954 жылдары тың игеру мақсатында құрылған кеңшарға келушілер көптеп қоныстанған екен. Егемендіктің алғашқы жылдарында олар біртіндеп атажұрттарына көшіп, ауыл тұрғындары күрт азайып қалған. Желдің өтінде, елдің шетінде орналасқан Көбенсай ауылы болашағы жоқ ауылдардың қатарына кірсе, бүгіндері заман сынына шыдап, қайта түлеуде. Егер кәсіпкерлікпен шұғылданған азаматтар ауылдастарын еңбекпен қамтамасыз етсе, ауылдан шалғай жүрсе де, туған жерлеріне қол ұшын созып отырған демеушілер ауылдың бір кетігіне кірпіш болып қалануға тырысты.

Қазақ ауылының нағыз жанашыры, бас демеушісі болып жүрген Виктор Вовкты ауылдастары “Біздің заманның батыры” деп құрметтейді. Солай болатын да жөні бар екен. Көбенсай мектебінен білім алып, тоқсаныншы жылдардан бері Алматы қаласында тұрып келе жатқан орта дәулетті азамат ауыл дегенде, қолындағысын бөліп беруге дайын екенін бірнеше жылдан бері іспен дәлелдеп келеді.

– Жыл сайын Көбенсайымды аңсап, алыс жолға шығамын. Мұнда туысқандарым қалмаса да, бірге өскен ауылдастарыммен қауышып, мауқымды басамын. Алайда, амал не, Алматыға торығып қайтамын. Ауылдың барымен базар болатын бұрынғы қарапайым, бауырмал, көңілді тіршілігі бұл күндері сұрқай тартқан. Өз басымен әлектеніп, жұмысбасты болып жүрген адамдар. Менің мектеп оқушысы болған кезімде айтылатын ұлағатты әңгімелер ұмытылған. Енді бүгінгі жаһандану заманында болашағы жоқ ауылдардың қатарына енген елді мекендерді сақтау қажеттілігі туындауда. Осы орайда, кіндік қаным тамған ауылыма қол ұшымды беретін уақыттың келгенін ұғындым, – деп бастады әңгімесін Виктор Евгеньевич.

Алматы қаласындағы “Clinic dr.Vovk” стоматологиялық клиникасының директоры Виктор Вовк – медицина ғылымдарының кандидаты. Қазақстандық имплантология мектебінің негізін қалаушы ретінде танымалдыққа ие болған жерлесіміз бұл салаға өмірінің 29 жылын арнаған. Ауыл жанашыры 1987 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тіс дәрігері мамандығы бойынша тамамдағаннан соң, стоматология және бет-жақ хирургия кафедрасында білімін жетілдірген. Кейін 2002 жылға дейін доцент лауазымында табысты еңбек еткен. Жаңашылдыққа бір қадам жақын жас маман – Еуропа мен Америкадағы алдыңғы қатарлы имплантологтардан алғашқы болып тәлім алғандардың бірі. Бүгінге дейін ақхалатты абзал жан еліміздің әр өңірінде елуден астам имплантолог маманын тәрбиеледі.

Қазақта “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген аталы сөз бар. Жеке басының қамын ғана емес, ауылдастарының бақуатты болуына тілектес азаматтың жүрегі таза, қолы да ашық. Сондықтан болар, оны білетіндер нағыз азамат ретінде құрметтейді. “Мен көмек бердім, демеушілік жасадым” деп кеуде қағып жатқан ол жоқ. Қолындағымен бөлісуді көкірегіне құйып өскендіктен де болар, осылай болуы заңды деп қабылдайды.

Ауылына келген сайын өзі білім нәрін сусындаған мектебіне ат басын бұру – оның әдеті. Сол жолы мектептің спорт залы еденінің тозығы жетіп, кабинеттердегі қырық жылдық тақталардың сиқы кеткенін көзімен көрген азамат білім ордасына, ауыл тұрғындарына қолдау көрсетуге бекінеді. Ең алдымен, мектеп басшылығының өтініш-тілектерін қойын дәптеріне түртіп алып, көпке созбай бір миллион теңгеге спорт залына жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал жаңа оқу жылы қарсаңында жарты миллион теңгеге жаңа тақталар сатып әперіп, мектеп ұжымы мен оқушылардың алғысына бөленеді.

Көбенсай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бақытжан Пішенбаеваның айтуынша, ол – өте қарапайым, аса бауырмал, үлкенге де, кішіге де жанашыр жан. Келбеті қандай келісті болса, адамға деген пейілі мен мейірімі мол, мінезі де сондай жайдары, бауырмал. Бір көрген адамды өзіне еріксіз тартып алатын қасиеті де бар.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың жасы мен жасамысына дейін балаша қуанған оқиға орын алған болатын. Өйткені, мектеп түлегенің жеке қаражатына жасанды жамылғысы бар заманауи футбол алаңы салынды. Содан бері Виктор Евгеньевичтің бастамасымен жыл сайын шағын футболдан сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен ынталандырылуда. Бүгінгі таңда 10 млн. теңгеге салынған футбол алаңында өтетін дәстүрлі спорттық шараға қатысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді, – дейді ол.

Елбасы үстіміздегі жылы жариялаған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деп атап айтқан болатын. Қазақстандықтардың 43 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүруінің өзі ауыл экономикасы мен инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын дәлелдей түседі. Елбасының мақаласы халқымыздың туған жерге деген ыстық сезімін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кездің жеткенін меңзеп отыр. Сондықтан бұл мақсатқа қолдан келген көмегін көрсетуді ауыл жанашыры өзінің азаматтық борышым деп санайды.

Иә, берілген уәде орындалуымен құнды. Ауыл демеушісі медициналық қосын ғимаратындағы стоматологиялық кабинетке заманауи құрал-жабдықтар орнатып, ел алғысына бөленді. Жобаның жалпы құны – бес млн. теңге. Сонымен қатар осы ғимарат пен ауыл мектебіне су тарту жұмыстарына өз қаражатын жұмсады. Жыл құсындай айналып жаңалық әкелетін, жайдарлы жүзді ел ағасын мектеп оқушылары да жақсы танып алған. Себебі, жуырда көбенсайлықтар ауыл қамқоршысын жаңа қырынан таныды. Бүгіндері екінің бірі облыс орталығына барып, тісін емдете алмайды. Осы жайды ескерген Виктор Вовк Петропавл қаласының тәжірибелі тіс дәрігерлерінің бірімен үш айда бір рет ауылға арнайы келіп, қабылдау жүргізу бойынша келісімшартқа отырған. Сондай-ақ, биыл ауылына келген Виктор Евгеньевич екі күн бойы ауыл тұрғындары мен жетпіске жуық мектеп оқушысын жеке қабылдап, ем-дом шараларын жүргізгенін естіп, тәнті болдық.

Ауылдастарына сөзбен емес, іспен көмектесіп жүрген Виктор Вовкқа деген Көбенсай ауылы тұрғындарының ықыласы ерекше. Бұған дейін ауыл тұрғындары округ және аудан әкімдеріне өздерін мазалаған мәселелер, арыз-талаптары бойынша хат жазып, табалдырығын тоздыруға мәжбүр болатын. Ал енді көбенсайлықтар алысқа бармай-ақ, арқасүйер азаматпен тікелей хабарласып, қажетті қолдауын алу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.

Бүтіндей қазақ ауылына бүйрегі бұрған алақаны ашық азаматтың атқарған ісіне, көрсеткен қолдауына қалай риза болмассың?! Оның жүзеге асырған шаруалары бір азаматқа аз ба, көп пе, ол жағын тұрғындар өздері бағалар. Дегенмен, жақсы ниетті жалғыз-жарым іске асыру қиын. Бұл жолда көптің көмегі, ортақ іске ұйысқан ауызбіршілігі ауадай қажет. Сонда ғана елінің қадірі мен жерінің қасиетін бағалайтын осындай азаматтар барда туған жермен байланыс ешқашан үзілмек емес.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp