“Нұр Отан” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесінің бюро отырысы өтіп, онда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, еңбекақыларын көтеру мәселелеріне ерекше назар аударылуы қажеттігіне тоқталды.
“Нұр Отан” партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Ахметбеков отырысқа қатысушыларды “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған” мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысына жүргізілген сараптама қорытындысымен таныстырды. Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов партиялық бақылаудың тыңғылықты жүргізілмегенін сынға алды. Еліміздің басты саяси ұйымы үлкен күш ретінде мемлекеттік бағдарламаның орындалуын мұқият бақылап, олқылықтарға жол бергендерді анықтауы тиістігін айтты.
– Облыс тұрғындарының 315 мыңы экономикалық белсенді азаматтар қатарына жатады. Олардың 215 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылса, 15 мыңы жұмыссыздар тізіміне енген. Ал қалғандары – өздерін-өздері жұмыспен қамтығандар. “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған” мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – өздерін еңбекпен қамтығандарды тұрақты жұмысқа тарту, жұмыссыздықты азайту екендігі белгілі. Бағдарламаға қатыспақ түгіл, ол туралы естімегендер бар, – деді.
Құмар Іргебайұлының айтуынша, облыстан жылына 6 мыңдай тұрғын көшіп кетеді екен. Көбінің ауылдық жерлердегі ата-қоныстарынан кетуіне басты себеп – жұмыссыздық. Көшіп жатқандардың дені – еңбекке жарамды жастар. Сексен пайызы еліміздің өзге өңірлеріне көшсе, қалғаны шетел асуда. Мемлекеттік бағдарлама тиімділігін көрсеткенде көштің кілт тоқтары сөзсіз.
Бағдарламаның міндеттері мен бір жыл ішіндегі нәтижелері жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова баяндады. Келер жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды беру тәртібі өзгеріп, бұрынғыдай қаржылай қолдау ғана беріліп қоймайды, тұрмысы төмен азаматтар еңбек етіп, табыс табуы үшін жұмыс ұсынылады.
Бюро отырысында “Нұр Отан” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев пен Аққайың аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Дәурен Байтөлешов өз ұйымдарында партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі. “Бақытты балалық”, “Сәтті қадам”, “Ардагерлерді ардақтайық”, “Жастар – Отанға!” және тағы да басқа жобалар бойынша тындырылған жұмыстар сараланды.
Бюро отырысында “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы қаралды. Облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбековтың айтуынша, жыл басынан бергі он ай ішінде өңірге 144,2 миллиард теңге инвестиция тартылған екен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,7 пайызға көп. “Нұр Отан” партиясы филиалының төрағасы жақында Қытай еліне жасаған сапарында Солтүстік Қазақстан облысына қаржы құюға құлшынып отырған инвесторлармен кездескенін айтты. Олар жеңіл автокөлік, теледидар шығару және тағы да басқа өндіріс орындарын ашуды ұсынған.
Саяси кеңес бюросы отырысының соңы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай марапаттау рәсіміне ұласты. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, “Нұр Отан” партиясының Ақжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Оксана Киккаринова мен облыстық филиалдың ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі Ерболат Байбосынов “Нұр Отан” партиясы орталық аппаратының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал партия қатарына кірген жеті жас маман облыс әкімі, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қолынан мүшелік билеттерін алды.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.