Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің облыстық филиалында “Ашық есік күні” өтті. Тұңғыш Президент күніне орайластырылған бұл көрмеге келушілер еліміздің банк жүйесінің даму тарихымен, бұрын қолданыста болған ақша түрлерімен танысты.
Қазақстан Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Мираш Жұмашев өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы секторының қосып отырған үлесін тілге тиек етіп, жиналғандарға еліміздің ұлттық валютасы – теңгені айналымға енгізу тарихынан сыр шертті.
“Ашық есік күніндегі” Ұлттық банк филиалының негізгі қонақтары экономика саласы бойынша білім алып жүрген жастар болды. Олар елімізде ресми түрде қолданыста болған валюталар, естелік монета түрлерімен жақынырақ танысты. Мұнда 30-шы жылдары айналымда жүрген банкноталардан бастап, соғыс кезеңіндегі, соғыстан кейінгі жылдары қолданылған ақша түрлері қойылған. Ал ұлттық теңгеміздің тарихынан сыр шертетін көрменің орны бөлек. Келушілерге еліміздің Ұлттық валютасының қалыптасу кезеңдерін баяндайтын бейнефильм көрсетілді.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.