«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін атамекеннен жырақта жүрген қандастарымыз тарихи Отанына оралу мүмкіндігіне ие болды. Азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін армандарына қол жеткізген ағайындардың бірі – Артықбай Нұрметовтің әулеті. Өнегелі отбасы Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына қоныстанған.

Отағасы Артықбай Нұрметов Бескөлде жұмыс істейді, ал шаңырағының шырайын келтіріп отырған Балзия Қылышбаева – Бәйтерек орта мектебінің кітапханашысы. Отбасы атажұртқа 2007 жылы Өзбекстаннан көшіп келген.

– Ес білгелі ата-анамыз: “Біздің Отанымыз – Қазақстан. Түбінде атамекенге оралыңдар”, – деп айтып отыратын. Алла жазып, арман орындалып, осыдан он жыл бұрын туған елге табанымыз тиді. Енді осы жерде тамырымызды жайып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырамыз. Түсіне білген адам үшін бұл – баға жетпес бақыт, – дейді отағасы.

“Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша алғашында 140 тұрғын үйге жоспарланған ауылдағы түтін саны бүгінгі таңда төрт жүз төртке жеткен. Елім деп жеткен ағайындардың құтты мекеніне айналған елді мекенде 1556 адам тұрады.

Заман талабына сай салынған үйлердің іші кең, жарық әрі жылы. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында салынған фельдшерлік-амбулаториялық пункт, шағын орталық, азық-түлік дүкендері сияқты әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Тұңғыш Президент күні ауылдықтар үшін тағы бір тосын сый жасалып, пошта байланысы бөлімшесі ашылды. Бұл – мекемелердің барлығы ауыл тұрғындарының жағдайын одан сайын жақсарта түсу үшін жасалып отырған игі шаралар.

– 2010 жылы Бәйтерек ауылына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, тұрғындармен кездесті. Емен-жарқын әңгіме арасында алдағы уақытта ауылдың көркеюі, дамуы тілге тиек етілген болатын. Қазір, міне, жоспарлы жұмыстардың жүзеге асып отырғанына өзіміз куәгерміз. Оған бір дәлел – жаңа мектебіміздің ашылуы. Білім ордасы үш жүз орынға шақталған. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтың айқын айғағы. Туған елімізге жетіп, арманымыз орындалды, – дейді Балзия Қылышбаева.

Қазақы салт-дәстүрді ұстанып, барлық жақсы қасиеттерді балаларының бойына сіңіре білген Балзия Қылышбаева “Отан отбасынан басталады” деген сөзді көп айтады. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі көздеген басты мақсаты – ұл-қыздарының толыққанды азамат болып өсуіне өзіндік сүбелі үлес қосу.

Әкенің ақылына, ананың мейірім шуағына бөленіп өскен қыздарының бүгінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Үйдің тұңғышы Бағила – Бәйтеректегі мектепалды даярлық тобының мұғалімі. Оның ізін басқан сіңлісі Нодира – Надежка ауылындағы мектепте ұстаз. Ақылы ажарына сай бойжеткендердің бірі – 2016, ал екіншісі – 2017 жылы өткен “Қызылжар аруы” байқауының жеңімпаздары атанған.

Әпкелерінің ортасында еркелеп өскен Әсел – Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледждің студенті. Үйдің кенжесі Жанболат – жетінші сыныптың оқушысы. Балалардың барлығы әдебиетке жақын. Олар Абай, Мағжан, Оралхан атындағы аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған. Жанболат Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан алдына жан салмайды.

Ұл-қыздарының жетістігіне қуанған Балзия Қылышбаева – “Еңбек пен бақыттың егіз” екенін сөзбен ғана емес, іспен көрсетуден аянбайтын жан. Еңбекқор жан мектептегі жұмысын абыроймен атқарып, сонымен қатар қоғамдық істерге де белсенді түрде араласады.

Өзіне жүктелген жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын білікті маман – Бәйтерек ауылында ашылған “Дуслик” өзбек этномәдени орталығының төрайымы. Орталық жұмысы ұлттар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған.

– Біздің бағытымыз да, мақсатымыз да бір. Яғни, тарихы сонау тереңнен басталатын халқымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қадам басу. Ол жол – Нұрлы жол, Мәңгілік Елдің жолы, – дейді Балзия Жаңабайқызы.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Балзия Қылышбаева қызы Бағила, ұлы Жанболатпен бірге.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp