Облыстық мұрағатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарлары жайлы құжаттар мен ерекше сәттері бейнеленген фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Суреттер ауыл шаруашылығы саласының майталманы, Қазақстанның Еңбек Ері, марқұм Геннадий Зенченконың жеке қорынан алынған.
Мұрағаттың құжаттарды қолдану және жариялау бөлімінің жетекшісі Мереке Баймұқанов көрмеге қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірімізге жасаған сапарлары жайлы әңгімелеп берді.
– 1990 жылы 30 тамызда ол Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы ретінде алғаш рет өңірімізге келді. Ал 1991 жылы Президенттікке кандидат ретінде Солтүстік Қазақстан облысына атбасын бұрып, өңірдің еңбекшілер қауымымен кездесулер өткізді, – деді Мереке Баймұқанов.
Президенттің досы болған Геннадий Ивановичтің ұлы Геннадий Зенченконың айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы өңірге сапарлары барысында ескі тамырына соқпай кетпейді екен. Сондай кездесулердің бірін еске алды.
– Президент біздің шаруашылыққа алғаш рет 1995 жылы келді. Менің әкем адамдарды таңғалдыра білетін ерекше қабілетке ие еді ғой. Сапарларының бірінде Нұрсұлтан Әбішұлының көлігіне отырған әкем жүгері егістігін көрсеткісі келетінін айтады. Елбасы келісімін береді. Көліктен түсіп, егістікке жақындай бергенде адам бойынан асатын алқаптағы жүгерілердің арасынан 60 адамнан тұратын хор шыға келеді де, Президенттің сүйіп тыңдайтын әнін шырқай жөнеледі. Нұрсұлтан Әбішұлының көңілі көтеріліп қалған еді, – дейді Геннадий Геннадьевич.
Облыстық мұрағаттағы фотокөрме соңы Тұңғыш Президент күніне арналған “дөңгелек үстелге” ұласты. Оған қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы ерен еңбегі жайлы сөз сабақтады.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.