Ел Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап тыныштық пен қауіпсіздік күзетінде тұрған Ұлттық ұлан өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
1997 жылдың наурыз айында Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің жоғары әскери училищесі құрылды. Қызылжар өңіріне жасаған жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім ордасына арнайы келіп: “Мен солтүстіктің климаттық жағдайында тәрбиеленген және білім алған курсанттар нағыз әскери шыңдалудан өтіп, болашақта Қазақстан Республикасы ішкі әскерінің жаңа офицерлік құрамының негізін құрайтынына сенемін”, – деп, Жауынгерлік Туды салтанатты түрде табыс еткен болатын.
2009 жылдың наурызында оқу орны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ішкі әскерінің әскери институты аталса, 2014 жылдан бастап оның атауы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери институты болып өзгертілді. Оқу орны әскери кадрларды даярлауда халықаралық деңгейге көтерілді. Үкіметаралық келісімшарттарға сәйкес институтқа Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінің жастары оқуға қабылданды. Сондай-ақ, оқу орнының мамандарды мемлекеттік тілде даярлай бастауы маңызды оқиға болды.
Әскери институтта басты назар инновациялық технологияларға аударылып, оқу үрдісін ақпараттандыру белең алды. Білім беру жүйесі кредиттік технологияға көшті. Бұл әскери пәндердің сағат санын көбейтіп, оқу үрдісіне оң әсерін тигізді. Әскери-кәсіби дайындық 65 пайызды құрайды. Бұл дегенің – қазіргі таңда дәрістердің дені оқу орталығы мен әскери атыс алаңында әскери техниканы қолданумен өткізіледі. Оқу жоспарында кәсіби және өндірістік тәжірибеге ерекше көңіл бөлінген. Курсанттар Петропавл қаласының әскери бөлімінде тағылымдамадан өтіп, қарауыл бастығы мен олардың көмекшілерінің міндеттерін орындайды. Аптасына екі рет ішкі істер органдарымен бірлесе, қоғамдық тәртіпті күзету бойынша патрульдік-посттық қызмет атқарады.
Әрбір білім беру мекемесінің абыройы түлеп ұшқан түлектерінің көрсеткіштеріне байланысты артады. Үлкен өмірге жолдама алған 3109 офицердің 252-сі үздік атанса, 45 түлекке “Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін” төсбелгісі тапсырылып, есімдері Құрмет тақтасына жазылды. Олардың бірқатары лейтенанттық погондарын Астанаға барып, Бас қолбасшының қолынан алды.
Оқу орнының түлектері бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында ғана емес, басқа да әскери құрылымдарында жауапты қызметтерді атқарып жүр. Мәселен, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында – 41, өңірлік қолбасшылықтардың басқармасында 70 офицер өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындауда. 18 түлек өздері білім алған әскери институтта оқытушы болып қалды. Әскери бөлімдердің басқармасы мен құрылымдарында 438 офицеріміз қалтқысыз қызмет етуде. Арнайы жасақталған бөлімшелерде еңбектеніп жүрген 54 түлегіміздің 15-і күрең берет иегерлері болса, 18 офицердің жауынгерлік тәжірибесі бар.
Қызметте ерекшеленген түлектерімізге берілетін баға да жоғары. Мәселен, олардың екеуі мемлекеттік наградалармен марапатталса, 37-сіне кезекті әскери шендері уақытынан ерте берілді. Әскери білімін жетілдіріп жүргендер де аз емес. Олардың 36-сы академия мен әскери университетті бітірсе, 21-і әлі білім алып жүр. Соның ішінде бір түлегіміз Генералдық штаб академиясында оқиды.
Бүгінде еліміз бен көрші елдерден келіп оқитын курсанттар төрт жыл бойы жеті мамандық бойынша даярланады. Атап айтқанда, курсанттар командалық-тактикалық тәрбие және әлеуметтікқұқықтық жұмыстар, байланыс әскерлері, Ұлттық ұланды автомобильдік, тылдық қамсыздандыру, әскерлерді командалық-тактикалық, ракета-артиллериялық, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша білім алып шығады.
Оқу орны бой көтергелі бері үш рет мемлекеттік аттестаттаудан сүрінбей өтті. 2001 жылдан біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істей бастады. Содан бері мұнда Ұлттық ұланның – 1997, Ішкі істер министрлігінің 712 қызметкері қайта даярлаудан өтті.
Оқу орнында ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ұстаздардың ғылыми әлеуеті 52 пайызды құрайды. Жыл сайын институт қабырғасында Қырғызстан, Беларусь, Ресей Федерациясы және еліміздің әскери бөлімдері мен жоғары оқу орындары ғалымдарының, мамандарының қатысуымен өзекті тақырыптар бойынша халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар еліміздің және Ресейдің жетекші әскери оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық.
Институт қабырғасында түрлі тәрбие сағаттарын өткізу дәстүрге айналған. Жыл сайын Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бұйрығы бойынша курсанттардың оқуға деген ынтасын жоғарылататын “Жылдың үздік курсанты” сайысы өткізіледі. Офицерлер мен курсанттар Астанада өтетін шерулерге қатысып, жоғары саптық шеберліктерін көрсетіп жүр. Мұндай шаралардың сарбаздарды патриоттық сезімге бөлеп, еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні анық.
Жеке құрам әскери шерулерге үзбей қатысып, жақсы қырынан танылып жүр. Институтта офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұмыс істейді. Әскери оркестр мен әншілер – республикалық конкурс-байқаулардың лауреаттары. Спорттық жетістіктеріміз де аз емес. Мұнда Еуропа, Азия чемпиондары оқиды. Институттың тапқыр да көңілді сарбаздарынан құралған команда – облыстық және халықаралық жайдарман ойындарының бірнеше мәрте жүлдегері.
Өткенге зер салсақ, 20 жылда әскери институтымыз тәуелсіз елімізбен бірге дамып, биік белестерді бағындырғанына көз жеткіземіз.
Серікхан АБСЕЛЕМОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери институтының басшысы, полковник.