Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: “Мен елімнің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қалаймын”, – деп көпэтносты Қазақстанның әр азаматының болашаққа деген сенімін арттырып еді.
Бүгінгі таңда біз Елбасының бұл сөздерінің өміршеңдігіне көз жеткізіп отырмыз. 1995 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір сессиясында сөйлеген сөзі мен көтерген бастамалары сол кездегі ел дамуының ең өзекті мәселелерін қамтып отырды. Дербес институт ретінде Ассамблеяның жүрген жолы, оның жеткен жетістіктері мен шыққан биіктері еліміздің даму даңғылындағы айтулы оқиғалармен астасып жатыр.
Өңіріміздегі Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы да осы жылдар бойы этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастықты, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бүгінде облыс орталығында – 25, аудандарда 154 этномәдени бірлестік бар. Соның ішінде мен төрағалық ететін “Кентрон” армян этномәдени бірлестігіне биыл 20 жыл толды. Мерекеге орай, біз кешегі күніміз бен бүгініміз баяндалған “Армяне Северного Казахстана” атты кітап шығардық. Бізді бұл айтулы күні құттықтауға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Арменияның Қазақстандағы консулы Мгер Бадалян және Қазақстан Республикасы армян этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Артуш Карапетян келді. Артуш Карапетян өз сөзінде бүгінгі мерекеге жетіп, оны атап өту бақыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып отырғанына тоқталып өткен болатын. Шынымен де, Елбасымыздың арқасында бүгінде бір шаңырақ астында қаншама этнос өкілдері тату-тәтті күн кешуде.
Солтүстік Қазақстан облысында армян диаспорасының шамамен үш мың өкілі тұрады. Олар тауар өндірумен, құрылыспен айналысып, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық, қоғамдық тамақтану, қаржы, медицина салаларында және мәдени мекемелерде еңбек етуде. Армяндар өңіріміздің барлық аудандарында қоныстанғанымен, олардың ең көбі Петропавл қаласында, Қызылжар, Мамлют, Тимирязев және Тайынша аудандарында тұрады.
“Кентрон” этномәдени бірлестігі ресми түрде 1997 жылдың ақпан айында тіркелсе, мен оған 2014 жылдан бері төрағалық етіп келемін. Этномәдени бірлестіктің белсенді мүшелері шама-шарқынша қайырымдылықпен де айналысып жүр. Мәселен, біз балалар, қарттар үйлеріне жиі барамыз. Оларда тұрып жатқан балғындар мен ардагерлерді концерттік бағдарламалар және түрлі сыйлықтармен қуантуға тырысамыз. Ал 2015 жылы Қазақстан халқының этносаралық келісім мен бірлігін нығайту мақсатында, сондай-ақ, армян геноцидінің 100 жылдығына орай қайғыларына ортақтаса отырып, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жалпы сомасы 700 мың теңге ақшаға азық-түлік салынған 100 пакет үлестірілді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар да бірқатар. Мәселен, облыста тұрғанына шамамен 40 жыл болған Бабкен Мартиросян бірқатар ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және мәдени нысандар тұрғызды. Артем Погосян мен Залибек Мхоян жергілікті жермен қатар Қазақстанның басқа да облыстарына жол салумен айналысады. Олардың әрқайсысының заманауи құрылыс техникасы, жеке асфальт зауыттары бар. Ал жеке кәсіпкер Гарик Бернецян жақында Қазақстанның 100 кәсіпкерінің арасынан үшінші орынға лайық деп танылды. Ол облыс орталығында үш балабақша салды. Оның бірі – “Еркем-ай” былтыр қолданысқа берілсе, екіншісінің құрылысы аяқталып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында бүлдіршіндерге есігін айқара ашады. Ал үшінші балабақша қаңтар айында беріледі деп жоспарлануда. Ал Саркис Джануц төрт қабатты “Кристалл” кешенін тұрғызды. Онда адамдардың демалып, саламатты өмір салтын ұстанып, мерекелік жиындарды өткізуіне жағдай жасалған. Облыстың дамуына үлесін қосып жүрген тағы бір кәсіпкер – Айк Арутюнян құбырлар мен көлік бағыттарын пайдалануға берді. Төмен бағамен құс етін сатып алуға болатын “Каз-Кур” дүкендер желісінің жұмысын бастады.
Бірлестігіміздің жастар қанатында клуб жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап – София Саркисян, кейін бес жыл көлемінде Гоар Мартиросян жетекшілік еткен клубтың қазіргі басшысы – Карина Сафарян. Онда саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі тақырыптық кездесулер ұйымдастырылады. Сонымен қатар футбол және каратэ секциялары да бар. Орталықтың жұмысына каратэден әлем чемпионы Камо Унанян қол ұшын берсе, жастарды тәрбиелеуге “Есіл-Богатырь” футбол командасының бұрынғы шабуылдаушысы Арам Восканянның да қосқан үлесі зор.
Жалпы алғанда, солтүстікқазақстандық армяндар өздерінің белсенділігімен ерекшеленеді. Қала, облыс көлемінде өткізілетін барлық шараларға қатысамыз. Мемлекеттік мерекелерді, ұлттық мейрамдарды отбасымен атап өтіп, халқымыздың дәстүрін берік ұстанамыз. Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісімді және қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан сүбелі үлесі, ерен еңбегі үшін этномәдени бірлестігіміз бен оның белсенді мүшелері бірнеше рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар қоржынымызда облыс және қала әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, “Наири” армян этномәдени бірлестіктері қауымдастығының Құрмет грамоталары, дипломдары мен сертификаттары бар. Сондай-ақ, республика бойынша армян этномәдени бірлестіктері арасында қызметі үшін екінші орынға лайық деп танылып, арнайы кубок алғанымыз да мақтанарлық іс.
Геворк ГЕВОРКЯН,
“Кентрон” армян этномәдени бірлестігінің төрағасы.