Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Ұлттың ұйысуының арқасында елімізде тыныштық, бастысы береке бар. Осынау береке бесігінде тербелген халықтың жайлы өмір сүруі үшін де, жақсы жұмыс істеуіне де барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мен сол мүмкіндікті пайдаланған бақытты жанның бірімін.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, еліміздің дамуына үлес қосуды өзімнің парызым деп санаймын. Бала жанының бағбаны болу – менің өмірлік ұстанымым. Осы саланы жан-тәніммен қалағандықтан, абыройлы еңбек ету маңызды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазымын. Ұлтым – неміс. Бірақ барлық жан-тәнім, бітім-болмысым – қазақ. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, қазақ тіліне деген қызығушылығым ерекше болатын. Осынау ғажап, көркем, бай тілді өз еркіммен меңгеріп, ойымды еркін жеткізу басты арманым еді. Білімге ұмтылған жастарға әрқашан қолдау білдіріп, қамқорлығына алған Елбасының сарабдал саясатының арқасында менің де арманым орындалды. 2009 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдап, ұстаз ретінде ең алғаш еңбек әліппесін бастадым. Бір қызығы аталмыш жоғары оқу орнының филология факультетіне бірден оқуға түсе алмадым. “Ер кезегі үшке дейін”. Үшінші ретінде ғана бағым жанып, қазақ филологиясы кафедрасының студенті атандым. Қазақ тіліне деген құштарлық, ұмтылыс мені алға жетеледі. Арманым алдамады. 2010 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка орта мектебінде жұмыс істеудемін. Қызмет сатысына көтеріліп, білім ошағының тізгінін ұстау да маған бұйырған бақыт. Бұл жетістігімнің барлығы тәуелсіз елім мен Елбасымыздың арқасы деп білемін.
Бұл орайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің болашағы үшін білім саласына айрықша назар аударып отырғанын айтпасқа болмайды. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, сөздің емес, істің адамы ретінде – Елбасымыз ерен еңбектің үлгісін көрсеткен нағыз патриот. Оған Президентпен өткен кездесуде анық көз жеткіздім. Еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген қыз-келіншектер Президенттің қабылдауында болып, ұмытылмас сәттің куәгерлері атанды. Өткен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай біздің өңірдің атынан аталмыш кездесуге шақырылдым.
Елбасымызбен кездескен сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Кездесуде ерекше әсерге бөлендім. Қазақстанның әр өңірінен барған әскери, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру, өнер, спорт салаларында еңбек етіп жүрген он тоғыз қыз-келіншек “дөңгелек үстел” басына жиналды. Басында қатты қобалжыдық. Ал залға кірген Елбасымыздың жүзінен байсалдылықты, қарапайымдылықты, ұстамдылықты байқап, біздің де көңіліміз бірден жайнап сала берді, бұрыннан таныс адамдарша еркін әңгімелестік. Нұрсұлтан Әбішұлының адами қасиеті, азаматтық ұстанымы, парасатты тұлғасы әрбіреуімізге үлгі боларлық. Көптеген мәселелерді көтеріп, келелі әңгіме өрбітті. Ол өз сөзінде Тәуелсіз елдің саяси әрі қоғамдық өмірінде әйелдер қауымының белсенді рөл атқаратынына ерекше тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев ана мен баланы қорғау мәселесіне екпін түсірді. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы, ел ертеңі болар бүгінгі өскелең ұрпақ жайында да пікір білдірді. Өзім ұстаз болғандықтан, бұл мәселелерге назар аударып, патриоттық тәрбиеге ерекше ден қою керектігін ұғындым.
Кездесуде Президентіміз гүл шоқтары мен естелік сыйлық ретінде сәндік бұйымдарды тарту етті. “Әйел қасиеті” салпыншағы – таза күмістен жасалған бұйым. Қазақтың салты бойынша мен де Елбасымызға сый-сияпат жасадым. Қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны тарту етіп, болашақта осы аспапта ойнауды үйренетінімді айттым.
Жоғарыда айтып өткенімдей, білім саласында еңбек етіп жатқаныма көп уақыт болған жоқ. Бірақ жұмысқа тиянақты, асқан жауапкершілікпен қарау менің талабым. Өйткені, өмірлік ұстанымым мен көзқарасым Президентпен өткен кездесуден кейін түбегейлі өзгерді. Жұмыстың сапасына ерекше мән беремін. Президенттің өзі айтып өткендей патриоттық тәрбиеге қазір ерекше ден қойылуда. Ел ертеңі болар бүгінгі жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырмасақ, тәуелсіз мемлекеттің туын желбіретер ұл қайдан тумақ?! Сондықтан оқу үрдісінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Жұмыста ғана емес, үш баланың анасы ретінде де отбасында тәрбиеге жіті назар аударамын. Өйткені, Отан отбасынан басталады. Үйдегі ұлдарыма елдің абыройлы азаматы болып өсіңдер деп ақыл айтып отырамын. Өзімнің үйренерім де, балаларыма үйретерім де әлі көп. Үйде ауыз-екі тілде балаларыммен қазақша сөйлесеміз. Олардың да қазақ тіліне деген ерекше құрметін, жанашырлығын байқаймын. Бастысы, олардың тіл үйренуге деген құлшынысы мен талпынысы қуантады.
Президентпен кездесу қуанышты әрі мәңгі жадымда қалар ерекше күн болды. Естелік суретке түсіп, Астанадан көтеріңкі көңіл-күйде оралдым. Қанат бітіріп, алдағы армандарымды жүзеге асыруға жаңа күш-қуат бергенін де мойындаймын. Президенттің алға қойған жоспарларын жүзеге асыру үшін қажырлы еңбек етуге әрқашан дайынмын.
Ирина СЕДОВА,
Возвышенка орта мектебінің директоры.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.